Хабар телеарнасы

Іздеуде жүрген экс-банкир Жомарт Ертаев елге қайтарылды

«144 млрд теңге жымқырды» деген күдікпен оған былтыр халықаралық іздеу жарияланған болатын. Күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Ертаевпен бірге 54 адам, оның ішінде банктің 41 топ-менеджері күдіктілердің қатарында. Қазір арнайы прокурорлар істі тексеріп бітті. Процеске қатысушылар материалдармен танысып жатыр.

Дархан Дүйсембай, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

- Жомарт Ертаев 2011-2017 жылдар аралығында қызметтік жағдайын пайдалана отырып, басқа тұлғалармен алдын ала келісу арқылы «BANK RBK» АҚ-ның 144 млрд теңгесін жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу барысындағы шаралардың арқасында 15 млрд теңге өтеліп, 48 млрд теңге мүлікке тыйым салынды.