Хабар телеарнасы

Әкімдер қайтадан партаға отырды

«Аумақтық дамудың трансформациясы» атты бес күндік семинар лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Бір аптада әкімдер не түйді?

Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов өзекті деген мәселелерді айтып тұр. Бірінші кезекте су мен жол. Биыл аудан жолдарын жөндеуге бұрын-соңды болмаған 500 млн теңге бөлінген. Тіршілік көзі де күн тәртібінен түскен емес.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

- Қазір біз 25 ауылды белгіледік. Бұл елді мекендерде кеңестік кезінен қалған ескі су тарату тораптары бар. Биылдан бастап оларды жөндеп, қайтадан іске қосамыз.

Аудан басшыларының іскерлік қабілетін арттыру үшін Петропавлда семинар өтті. Әкімдер бес күн бойы оқушылардай қалам, қағаз алып, партада отырды. Дәріс берушілер оларды мемлекеттік қызметке жаңаша көзқараспен қарауға үйретуге тырысты.

Жанар Тұралина, комиссия мүшесі:

- Әкімдерге міндетті түрде баға қойылады. Студенттерге сияқты 90, 80 балл.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бес күн бойы көз майын тауысып оқыған аудан басшылары бүгін емтихан тапсырып жатыр. Қазір әр әкім комиссияның алдында өз жобаларын қорғап шығуы тиіс.

Әкімдер үш жоба ұсынды. Солардың бірі – қоғамдық кеңсе құру. Жобаны жазғандардың ішінде Жанат Сәдуақасов та бар. «Бұл құрылым бірнеше адамнан тұрады. Олар өзекті мәселелердің тізімін жасап, оның шешілуін бастан-аяқ қадағалайды», – дейді Қызылжар ауданының әкімі.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

- Бәрі нақты жазылуы тиіс. Мәселенің шешілуіне мемлекеттік орган емес, соған жауапты тұлғалар жауап береді. Тапсырма уақытылы орындалмаса, тәртіптік жазаға тартылады.

Оқудың пайдасы бола ма, болмай ма, оны уақыт көрсетеді. Енді әкімдер аудандарына оралып, ойға түйгендерін қызметте қолданбақ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев