Хабар телеарнасы

ШҚО-да баспаналар сапасыз салынып жатыр

Алайда сан сапаны ақсатып тұр. Баспаналардың 80% сын көтермейді. Жаңа үйдің шатырынан су кетіп, есік-терезесінен жел гуілдеп соғып тұр. Сапасыз салынған үйлердің тұрғындары, аймақтағы барлық құзырлы органдарға шағымданғанмен, әзірге еш нәтиже жоқ.

Қар мен жауын жауса тоғыз қабат үйдің ең үстінде тұратын Исабаевтар отбасынан маза кетеді. Шатырдан аққан су ас бөлемеден еденге тамады. Тек төбе емес, барлық құбыр жүйесі де дұрыс тартылмаған. Қыста терезені қырау басып, жел гуілдейді.

Риза Исабаева, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Төбеден су сарылдап, сылақтың барлығы жерге түсіп жатыр. Талай рет айттық, көп кісі келді. «Ана жақтан, мына жақтан келдік» деп жазып әкетеді. Балаларымның да бармаған жері жоқ. Ештеңе істемейді, шара қолданбайды.

Аймақта 2017 жылы 380 мың шаршы метр, 2018 жылы 410 мың шаршы метр үй салынса, биыл 443 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарланған. Яғни, әр жылда 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Өскемен қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңа үйлер негізінен 19-шағын ауданда бой көтеріп жатыр. Бірақ жаңа баспанаға қол жеткізгендер үшін үйдің сапасы басты мәселе болып тұр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Тоғыз қабатты бұл баспана екі жыл бұрын салынып, халыққа ипотека бойынша берілген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, сапасы мүлде сын көтермейді. Төбеден аққан су күншығыс жақ қасбетін шайып, мынадай болып үгітіліп түсіп жатыр. Тек бұл үй ғана емес, осы маңдағы үйлердің бәрі осындай.

Сапасыз үйлердің мәселесін арнайы бақылау комиссиясы қарайды. Комиссия мүшелері соңғы үш жылда жалпы құрылыстың сапасына қатысты шағымның көбейгенін айтады. Оның 90% мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерге қатысты.

Димитрий Гариков, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

- Тек былтыр құрылыстың сапасына қатысты құны 69 млн теңге болатын 860 дерек анықталып, олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жауапқа тартылғандар қатарында жобалаушы мекемелер, техникалық қадағалаушылар және мердігерлер мен тапсырыс берушілер де бар.

Тұрғын үйлердің сапасыз салынуы қазір тендерге байланысты екен. Бұрын құрылыс компаниялары үйді салу үшін неғұрлым төмен баға қойса, тендерде жеңуге мүмкіндігі соғұрлым жоғары болған. Енді мемлекеттік сатып алу заңындағы соңғы өзгерістерде талап басқаша. Бұрынғыдай құрылыс компаниялары бағаны қалағанынша түсіре алмайды.

Сырым Дүсіпов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Құрылыс сомасынан 10% артық түсіре алмайды. Жұмысты алу үшін, 10% соң тәжірбие ескеріледі.

Дегенмен қазіргі қолданыстағы заң бойынша мердігер компания құрылыстың сапасына белгілі бір мерзімге дейін кепілдік береді. Осы уақыт аралығында анықталған кемшіліктерді толық жоюға міндетті. Бірақ бұл құжатта сапасыз үйді қысы-жазы жамап-жасқап, әбден берекесі қашқан тұрғындардың моральдық шығынын өтеу жөнінде бір ауыз сөз жоқ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин