Хабар телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды

Оған құрметті қонақ ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Арнайы Олимпиаданың дәстүрлі біріншіліктен ерекшелігі бұл сайыста спортпен қатар үлкен гуманитарлық мән бар. Себебі жарысқа интеллектуалдық дамуында тежелісі бар адамдар түседі. Бір сөзбен айтқанда, бұл – мүмкіндігі шектеулі адамдарға шекарасыз әлем құруға ұмтылған адамзаттың ауқымды жобасы. Жаһандық жобадан Қазақстан да тыс қалмайды. Жарысқа арнайы қонақ ретінде шақырылған Елбасымыз отандық спортшыларды жігерлендіріп қабылдаушы елге достық пейілін танытты.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Абу-Дабидегі Zayed Sports City стадионында Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Бұл жарыс та төрт жылда бір рет өтеді. Бір спортшы жеңеді, келесісі жеңіледі. Бірінің бабы, енді бірінің бағы оза шабады. Дегенмен Арнайы Олимпиаданың астарында күллі адамзатқа айтар үлкен ой жатыр. Ол – күллі жаһан жұрты жиылып, мүмкіндігі шектеусіз шексіздік құру.

Арнайы Олимпиада ойындары әлемдегі ой-өрісі тежелген, бірақ спортқа деген сүйіспеншілігі жоғары азаматтарға арналған. 1968 жылы шағын қозғалыс түрінде басталған шараның бара-бара ауқымы да, маңызы да артты. Бүгінде беделді саясаткерлер, спорт және эстрада жұлдыздары осы қозғалысты қолдайды.

Айта өту керек, 50 жылдық тарихында бұл ойындар тұңғыш рет Таяу Шығыс елінде өтіп жатыр. Бұл шараға әлемнің 190 елінен 7,5 мың спортшы келді. Олардың арасында қазақстандық құрама да бар.

Мақсат Әбуов, Қазақстан құрамасының өкілі:

- Біздің құрама спорттың 15 түрінен келді. Павлодар облысынан баскетбол командасын алып келдік. Ал гольф біздің жарыс емес. Қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге рахмет айтамыз.

Осыдан тура 10 күн бұрын Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында қазақстандық құраманы Абу-Дабиге шығарып салу рәсімі өтті. Қазақстанның 8 аймағынан келген олар үстел теннисі, дзюдо, жүзу, гимнастика секілді спорттың 15 түрінен бақ сынайтын болады. Барлығы 98 адамнан тұратын Қазақстан құрама командасы бұл сайыстан қанжығасын майлап қайтудан үмітті.

Нұрбол Зұлқарнаев, «Қамқор» әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры:

- Абу-Дабиге төрт спортшыны алып келдік. Қазақстан қоржынына 21 алтын, 19 күміс, 7 қола медаль салынды. Мемлекет бізді қатты қолдап жатыр, барлық қажет заттар бар.

Қазақстан – мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін әркез ескеріп отыратын мемлекет. Елбасы осыған дейін Арнайы Олимпиада ұйымдастырушылары мен спортшыларға сәттілік тілеп, мейірімділік пен қайырымдылықты сақтап қалу ұмтылысына бүкілхалықтық қолдауды жеткізген болатын.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен жеке кездесті.

Тараптар қос ел арасындағы экономикалық байланыстарды бекемдей түсетін тұстарды талқылады. Өткен жылы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 486,9 млн долларға жеткен. Қазір Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 240 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемалар, туризм, цифрландыру, ғарыш, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастық сөз болды. Тараптар өзара экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестиция тарту және Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығару мәселесін ширатуға келісті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидегі шейх Заид мешітіне барып, құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс та берік. Нұрсұлтан Назарбаев бір жағынан, осындай ауқымды гуманитарлық шара өткізіп жатқан дипломатиядағы досы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянды, екінші жағынан, қазақстандық құраманы қолдау үшін Арнайы Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Руслан Жакеев