Хабар телеарнасы

Қазақстандағы барлық кітап электронды жүйеде қолжетімді болады

Санаулы жылда Қазақстандағы жазба мұралар электронды жүйеде қолжетімді болады. Мамандар: «Қазір тарихи еңбектерден бастап бүгінге дейін шыққан кітаптардың 50 мыңы сандық жүйеге ауыстырылған», – дейді. Онымен Kazneb.kz сайтынан таныса аласыз.

Жеке қызығушылықпен оқитындар өз алдына ғылыми жұмыс жазатындардың әдеті – кітапты алдына үйіп, ішін қопару. Ондағы мақсаты – көкейдегі мәліметті табу. Қазіргі техниканың тілін білсе де Әсел өзіне дейінгілердің сол әдетімен кітапханада диссертация тақырыбын зерттеуде.

Әсел Ташқараева, докторант:

- Мысалы оғыздардың тарихы туралы деректердің бірі интернетте бар болса, бірі жоқ немесе мазмұны болмауы мүмкін. Сондықтан мен үшін осында келіп, кітаптағы еңбектермен салыстырудың маңызы жоғары болып тұр.

Осы сұраныстың үдесінен шығу үшін Астана, Алматы және облыстық кітапхана мамандары жеке қорындағы кітаптарды, сирек журнал мен диссертацияларды электронды жүйеге көшіруде. Күнделікті 50-60 айына бір мың контент сканерленіп базаға құйылады.

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

- Тек былтырдың өзінде Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана порталына 115 елден оқырман кірген. Былайша айтқанда қазақстандық мәліметтер әлем халқы үшін қолжетімді бола түсті.

Сәулеш Назырова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының маманы:

- Біздің порталға АҚШ-тың Вирджиния штатынан ең көп кіреді екен. Яғни онда біздің студенттеріміз, қандастарымыз шығар.

Жазба мұраларды электронды жүйеге көшіру басталғалы 50 мың контент цифрландырған. Оқырман саны 2018 жылы 95 мыңға жетіпті. Қолданушылар мәліметтерді оқи отырып 700 мың рет көшіріп алған. Абайтанушы Асан Омаров – сол замануи оқырманның бірі. Ғалым көптен бері іздегенін цифрлық үлгіде тапқанына дән риза.

Асан Омаров, абайтанушы:

- Абайдың «Жаңа закон» деген өлеңін қайдан іздерімді білмей жүргенмін. Алматыға бару керек болды. Сосын интернеттен іздеп едім, осы жерден таптым. Яғни жұмысым жеңілдеді. Өлеңді түгелдей тауып, оған түсініктеме жазып, жарияладым. Міне бұл ғылымдық жұмысты жеңілдетіп отыр.

Кейінгі шыққандары, орта ғасырдағы және бір ғана данамен сақтаған сирек кітаптарды қосқанда еліміз бойынша 160 мыңға жуық еңбек бар. Бүгінге дейін оның 50 мыңы электронды жүйеге ауыстырылған. Қалғаны алдағы 2-3 жылда сандық үлгіде қолжетімді болады деп жоспарлануда. Ең бастысы бұл контенттерді қалауыңыз бойынша конвертер көмегімен кирилл, сондай-ақ латын графикасында да оқи аласыз.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Қанат Әбілдин