Астанада көктемгі су тасқынына дайындық шаралары күшейді

Қауіпті аймақтар белгіленіп, бөгеттерді бекіту жұмыстары қолға алынды. 17 мың тоннаға жуық инертті материал әзірленіп, 14 жүзу құралы, 30 мото помпа мен 1 тікұшақ дайын.

Бұл шаһар ішінде атқылап жатқан гейзер емес. Бұл – су өткізу арықтары мен құбырларын тазарту жұмыстары. Арнайы инженерлік техниканың көмегімен қатқан мұздар 60 градустық бумен ерітіліп, барлығы қалпына келтіріліп жатыр.

Еркін Отарғалымұлы, Байқоңыр аудандық ТЖБ бастығы:

- Көп жағдайда тұрғын үй секторының тұрғындары арықтарға қоқыс, күл төгіп жатады. Бұл дұрыс емес. Себебі бұл судың өту мүмкіндігін азайтады.

Арықтар мен құбырлар тазартылмаса, қар тез еріп, маңайдағы үйлерге судың кіретіндігі бесенеден белгілі. Тасты жаратын тілсіз жауға ештеңе кедергі емес екендігін ұмытпаған жөн. Әзірге Байқоңыр ауданындағы ұзындығы 17 мың метрлік арықтың 9 мыңы тазартылыпты.

Ал Лесозавод аумағындағы Сарыбұлақ өзенінің арнасы кеңейтіліп, тереңдетіліп жатыр. Шағын ғана арна бір қарасаң еш қауіп төндірмейді. Алайда апат айтып келмейді ғой. «Сол себепті «сақтансаң, сақтаймын» қағидасын қаперде ұстау керек», – дейді мамандар.

Марғұлан Аманбаев, қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

- Бұл – Сарыбұлақ өзені. Көкшетау жақтағы қыраттардан келетін суларды Астана қаласының ішімен алып өтіп, Есіл өзенінің арнасына барып құяды. Су басудың алдын алып жатырмыз. 130 үйде 400-ге жуық адам тұрады. Соларды қорғау үшін жасалған.

Жалпы елорда аумағы бойынша су басу қаупі бар 34 учаске белгіленген. Олар бойынша мамандар тиісті жұмыстарын атқарып жатыр. Қаладағы 4 ауданда 8 эвакуациялық пункт құрылыпты.

Игорь Алексеев, қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз жұмыстарды әлі Ильинка тұрғын алабында да жалғастырмақпыз. Ол жерде 600 метрлік дамбаны бекіту қажет. Әзірге жартысын аяқтадық.

Риат Шони, тілші:

- Мамандардың айтуынша, шаһарға негізінен еріген қар суы ыңғайсыздық туғызады. Биыл ақ ұлпа былтырғыға қарағанда аз жауған. Жыл басынан қала сыртына 2 млн 704 мың текше метрге жуық қар шығарылыпты. Дегенмен коммуналдық қызметкерлер өз жұмыстарын тоқтатқан емес. Қар шығару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Авторлары: Риат Шони, Ерсін Мұханбеталин