Хабар телеарнасы

Жайық суы пайдалануға жарамды

Желтоқсан айындағы жағдайдан кейін өзеннен күнделікті сынама алынып, зерттеу жүргізілген. Оның нәтижесі қазір судың гигиеналық нормаларға толық сай екенін көрсетіпті.

Сондай-ақ Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылу себебін анықтау жөніндегі ведмоствоаралық комиссия Атырауға барады. Құрамында экология, денсаулық, тіпті құқық қорғау органдарының өкілдері бар. Себебі аталған оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Бұған дейін жүргізілген зерттеу өлген балық етінде аммиак бар екенін, ал су құрамында хлориттің мөлшерден артық екенін көрсеткен болатын.

Сәкен Ділдахмет, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Балықтар қыстайтын судың тереңдігінде қаңтар айының соңынан ақпан айының басына дейін акваланг мамандарымен бірге судың астына түсіп, зерттеген болатын. Балықтар мекендейтін жерлерде өлу фактілері анықталған жоқ.

Балықтың қырылу себебін комиссия анықтайды

Өзен түбі кезекті рет тексеріледі. Ал Жайықтың жағасын өлекселерден тазарту жұмысы әлі жалғасады. Айта кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінге дейін 111 тоннадан астам өлі балық жинап алынды. Оның 103 тоннасы бекіре болса, қалғаны қарабалық түрлері. Өңірде суды улауы мүмкін бірнеше өндірістік орын болғандықтан, кінәліні анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Келтірілген шығын көлемі де алдағы күндері белгілі болады.