18:00Эфирде: Мегахит «Коломбиана»
×

Ескерту

JUser: :_load: Келесі ID-ге ие қолданушыны жүктеу мүмкін болмады: 149
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Көпбалалы отбасылардың үйлі болуына 100 млрд теңге бөлінді

  • Категория: Сюжеттер
Көпбалалы отбасылардың үйлі болуына 100 млрд теңге бөлінді

Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін биыл ел бюджетінен 444 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Осылайша көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы өседі. 2-3% баспана алуға мүмкіндік беріледі. Болашағы бар ауылдарды көркейтіп, ауыл жастарына бизнеспен айналысуға гранттар бөлінеді. Бұдан бөлек өңірлердің инфрақұрылымы жанданады.

Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет мүшелеріне әр жұмысты тиянақты істеп, ел экономикасын тұрақты деңгейде ұстауды тапсырды.

Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін Nur Otan партиясының съезінде Мемлекет басшысы біршама тапсырма бергенін білеміз. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов жәрдемақыларды көбейтуге 224 млрд, аз қамтылған көпбалалы отбасылардың үйлі болуына 100 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:

- Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейтуге 224,3 млрд теңге бөлінді. Аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті несие беруді енгізуге 100 млрд теңге бөлінді. Өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 90 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруға 30 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ «Жастар жылында» өткізілетін іс-шараларға 24,6 млрд теңге, ал Президенттің 2017-2018 жылдардағы Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға 286 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл миллиардтар аспаннан жауып жатқан жоқ. Бюджеттің әр тиыны жіті бақылауда. Астанада ғылыми-онкологиялық орталық салуға, «Сарыарқа» газ құбырын тартуға және Түркістан облысы мен Астана қаласын кешенді дамытуға жұмсалады. Санға сенсек, бастысы ел экономикасы тұрақты. Биыл алғашқы екі айда жалпы ішкі өнім қарқынды өсіпті.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,5% жылдамдады. Қаңтарда ол 2,9% құраған болатын. Мұндай серпін тауарлар өндірісінің өсуімен, сондай-ақ қызмет көрсету секторының өсуімен қамтамасыз етілді. Олардың жалпы ішкі өнімнің өсіміне салымы сәйкесінше 0,91% және 2,19% тармақты құрады.

 

Асқар Мамин: ЖІӨ 5% кем емес деңгейде ұстаймыз

Инвестиция да өткен жылмен салыстырғанда соңғы екі айда 4,2% артқан. Премьер-Министр Асқар Мамин биыл жалпы ішкі өнімнің өсуін 5% кем емес деңгейде ұстап тұратындарын жеткізді. «Мемлекет басшысының барлық тапсырмасына қажетті мөлшерде ақша бөлінді, нақты жоспар бар, енді барлық жұмысты толық, сапалы деңгейде іске асырамыз», – деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Ұсынылып отырған өзгерістер халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін Елбасының қамқорлық шараларын іске асыру аясында енгізіліп отыр. Мемлекет басшысының барлық әлеуметтік бастамасына толық көлемде қаржы бөлініп, уақытымен жүзеге асатын болады. Осы ретте қойылған міндеттерді уақытылы орындалуын, нәтижелерінің сапасы жоғары болуын талап етемін.

Үкімет отырысының соңында Асқар Мамин: «Экономиканың тұрақты өсуі – біздің негізгі міндетіміз. Ол үшін бәріміз бірлесіп, сапалы жұмыс істеуіміз керек», – деді.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Ерсін Мұханбеталин

Сондай-ақ...