Хабар телеарнасы

Павлодарда тоқтап қалған құрылыс нысандары тексерілді

Басты мақсат – құрылысы аяқталмаған ғимараттардың иелерін тауып, тиісті шараларды қолға алу. Қазір жергілікті билік өкілдері облыс орталығының тұрғын үй және өнеркәсіптік аумақтарында құрылысы бітпеген ондаған нысанды анықтады. Бұл нысандар қоршалмаған және азаматтардың өмірі үшін қауіпті.

Бұл екі қабатты нысанның тұралап қалғанына 10 жылдан асқан. Құрылыс иесі абаттандыру ережелерін сақтамай, жер учаскесін игермеген.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Қазіргі таңда Павлодар қаласында осындай 30 проблемалы жер учаскесі бар. Бұл аумақтарда кезінде сауда, тұрғын үй немесе спорт нысандары бой көтеру керек болған. Дегенмен жоспар іске аспай, ғимараттар бітпеген құрылыс нысандарына айналды. Мамандардың айтуынша, құрылысы бітпеген ғимараттар қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтірумен қатар тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде.

Осындай объектілердің басым бөлігі жер үйлердің арасында орналасқан. Ғимараттар қоршалмай, ашық тұрғандықтан жұрттың алаңдаушылығын тудырған.

Сара Гладких, қала тұрғыны:

- Осы нысанның ішінде нашақорлар, тұрақты мекенжайы жоқ азаматтардың жиналған күндер болған. Балаларымыз үшін қорқамыз. Олармен қанша күрессек те нәтиже жоқ.

Александр Клементьев, қала тұрғыны:

- Осы ғимараттың орнында жасыл желегі жайқалған бақша болды. Құрылысшылар келіп, ағаштардың бәрін отап тастады. Енді қаңыраған, сүйкімсіз нысан тұр. Ішіміз ашиды.

Бүгінгі күнге дейін 30 нысанның бесеуі соттың шешімімен мемлекеттің иелігіне қайтарылған. Тағы 20-ға жуық ғимараттың жерлері игерілмеген деп танылып, құжаттар нақты шешім қабылдау үшін қадағалау органдарына жолданды.

Назар Жұмабеков, қалалық Сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы:

- Учаскелердің игерілуіне заң жүзінде үш жыл беріледі. Бірақ кәсіпкерлердің басым бөлігі үлгермей жатады. Бұған қаржылық мәселелер себеп. Осындай жағдайда біз меншік иелеріне телімдерді мемлекетке қайтаруға немесе инвестор табуға кеңес береміз.

Мамандардың айтуынша, облыс орталығында бизнеске арналған жер тапшы. Сондықтан мақсатқа сай қолданылмаған нысандарға қатысты тиісті шаралар қолға алынып, жер телімдерін кәсіпкерлерге беру көзделген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов