Хабар телеарнасы

Елбасы Халықаралық әйелдер күнімен «Көктем шуағы» өкілдерін құттықтады

Нұрсұлтан Назарбаев әр салада елеулі еңбек етіп, толағай табысқа кенеліп жүрген нәзік жандыларды және көпбалалы аналарды мерекелерімен арнайы құттықтады. Президент биылғы жылы халықтың әл-ауқатын арттыруға, әсіресе көпбалалы отбасылардың тұрмысын түзеуге жіті мән берілетінін айтты. Одан бөлек: «Жұмыссыз жүрген жандарды тұрақты қызметпен қамту мәселесі шешімін табады», – деді.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Наурыздағы нәзіктік. Ақордадағы бүгінгі сұлулық шкаласы мен мейірімділік мөлшерін ешқандай ресми шеңберге сыйғызу мүмкін емес еді. Сарыарқаның сайын саласында қар көбесі әлі сөгіле қоймаса да, Ақордаға келген қонақтардың өзінен де, көңілінен де көктем шуағы есіп тұрды.

Президенттің аузынан мұндай қошемет сөз есту кез келген сұлудың арманы болар. Бірақ Елбасымен кездесуге келген бұл қыз-келіншектер көркімен көзге түскендер емес, олар – елге еңбегімен еленген арулар. Қазақстанның әр өңірінен келген 18 нәзік жанның әрбірі – әр саланың өкілі. Нұрсұлтан Назарбаев бүгін оларды мерекемен арнайы құттықтап, аяулы ананың құдіреті, қазақ халқының қыз балаға деген құрметі жайында тебіренді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Ананың құдіреті шексіз. Оның алдында бүкіл дүние бас иеді», – деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқталып, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Төле би бабамыз: «Әйелің жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысың», – деген екен. Сіздер әрдайым ер-азаматтарды қолдап келесіздер.

Қазақстандағы нәзік жандылардың саны 9,5 млн-ға жуықтайды. Саны жағынан ер-азаматтардан сәл басым. «Қазақстанда көпбалалы анаға көрсетілетін көмек те, қамқорлық та кемімейді», – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет көпбалалы отбасының жағдайын жақсарту шараларын қабылдап жатыр. Өткенде Nur Otan съезінде менің айтқан бағдарламамды бәріңіз білесіздер. Оның бәрі жылдың ортасында басталады деп айтқанмен, көмекке мұқтаж аналар мен балаларға «Келесі айдан бересіңдер», – деп тапсырма бердім. Көмек пен қамқорлық әрдайым еселеніп, арта береді.

Тек осы еселенген көмек еріншектік пен жатыпішерлікке жетелемеуі керек. Әйелдің басты миссиясы – ана атану, ұрпақ тәрбиелеу. Ал еңбекқор ұрпақ елдің ертеңі үшін қажет.

Бүгінде нәзік жандылар белсенді. Олардың 70% астамы білім мен денсаулық саласында, 60% қаржы секторында, 59,6% саудада жүр. Бүгінде елде тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің 43,2% әйелдер тізгіндеп отыр. Солардың бірі – Күләнда Батырбекова.

Күләнда Батырбекова, кәсіпкер:

- 2009 жылдан бері ауыл мен қаланың кіндігін жалғап жүрген кәсіпкермін. Отбасыммен бірге Алматы облысында бірнеше балабақша мен көлемі 5886 шаршы метр болатын 500 орындық мектеп құрылысын салдым.

Үй салу, ағаш отырғызу, ұл өсіру. Ер азаматтың осы үш міндетін қазір әйелдер де оңай атқарып жүр. Солардың бірі – Вера Клочко. Қостанай облысындағы Мичурин ауылдық округінің әкімі. Ол ауылды даму нүктесіне айналдыру туралы Елбасының бастамасын қоштайды.

Вера Клочко, селолық округ әкімі:

- Жақында өткен Nur Otan съезінде ауылды көркейту туралы айттыңыз, нақты тапсырма бердіңіз. Сол үшін ауылдағы ағайын атынан алғысымды айтқым келеді. Мен үнемі жастарды ауылдан қорықпауға шақырамын. Кез келген ауылда лайықты өмір сүруге болады.

Тәуекел түбі – жел қайық. Осыдан 6 жыл бұрын Светлана Маутеева мемлекеттік бағдарлама арқылы 200 млн теңге кредит алып, ауыл шаруашылығы саласында кәсібін ашты. Бүгінде қора-қора қойы, табын-табын жылқысы бар кәсіпкерге айналды.

Светлана Маутеева, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Біз өсіріп қана қоймаймыз, өнімнің бәрін қайта өңдейміз. Яғни таза табиғи өнімдердің 100-ден астам түрін шығарамыз. Ет, ет өнімдері, сүт, қымыз, түбітінен жастық, жүнінен жамылғы жасаймыз. Малдың мүйізі мен тұяғы ғана қалады. Осылай біз қалдықсыз өндіріс кластерін құрдық.

Мына залға жиналған қыз-келіншектердің әрбірі жетістіктері мен табысын айтып, Президенттің ризалығын алды. Әсіресе көпбалалы ана Мәншүк Мәмбетоваға бүгін Елбасы бір емес, екі сыйлық тапсырды. Бірі – тас кәмпит, екіншісі – күміс алқа. Екеуінің де артында көпбалалы анаға деген құрмет, қамқорлық жатыр еді.

Мәншүк Мәмбетова, «Күміс алқа» иегері:

- Мемлекет көмек беруі керек екен деп ешқандай ата-ана қазір қарап отырмайды, бәрі аянбай еңбек етіп жатыр.

Бұл – Ақордада көп өтпейтін бейресми жиындардың бірі. Сондықтан айтылған мәселелер мен қозғалған тақырыптардан бөлек, жыр оқылды.

Бірақ жиынның соңында тағы елдің қамы айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев үлкен жиындарда айтылатын міндеттер мен межелерді тағы да қайталады, сонысымен қазақстандық қыз-келіншектерге сенім артатын, оларға әркез арқасүйеуге болатынын ұғындырды. Оларды еңбек етуге, патриотты ұрпақ тәрбиелеуге үндеді.

Айнұр Бақтығалиева, кәсіпкер:

- Елбасы үлкен бір мотивация берді.

Мақпал Тәжмағанбетова, ақын:

- Әрине, әрбір кездесу шабыт, мақтаныш сыйлайды.

Олар – ұлыстың ұйытқысы, ұлттың ұяты, бірліктің бастауы. Олар – кәсіпкер, олар билікте де жүр. Бірақ түптеп келгенде олардың бәрі ана атты ардақты атқа ие. Сондықтан Елбасының өзі айтқандай: «Ибалы қыз, инабатты келін, ардақты аналарымыз көп болса және олар барлығына қарамай қазақ қызына тән қасиеттерді сақтап қалса, қазақтың болашағына алаңдамауға әбден болады».

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев