Хабар телеарнасы

«Қобыланды батыр» жырын жатқа айтқан жеңімпазға 1 миллион теңге беріледі

Үрдіске айналған республикалық жыр оқу байқауына бір айда 50 мыңнан астам оқушы мен 25 мың ұстаз қатысуға өтініш берген. Қобыланды батырдың жырын мүдірмей жатқа айтқан адамға 1 миллион теңге бәйге тігілген. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қолға алынған ауқымды жобаға еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Хабар» Агенттігі қолдау көрсетіп отыр.

Жастардың жадында батырлар жырын жаңғырту. Байқаудың ең әуелгі мақсаты осы болатын. Оқушылар үмітті ақтады. Тура бір ай бұрын басталған жыр додасына қатысуға ниет білдірген мектеп саны бес мыңға жетіп жығылған. Қатысушылар әуелі «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтып, ондағы көне сөздердің мағынасын түсіндіреді.

Бекзат Мыңбай, байқауға қатысушы:

- Қазіргі таңда 35 бетін жаттадым. Осы «Қобыланды батыр» жыры байқауына қатысып, 1 млн теңгені өз еңбегіммен қанжығама байлаймын және де өзімнің ұстаздарымды, ата-анамды жеңімпаз болып қуантамын.

Байқау 6 және 10-сынып оқушылары арасында өткізіліп жатыр. 3 кезеңдік сыннан тұрады.

Арман Абдоллаев, «Qazaq еpos» республикалық ағарту жобасының жетекшісі:

- І кезең – аудандық, ол 22-28 сәуір аралығында өтеді. ІІ кезең – облыстық, ол 29 сәуір мен 23 мамыр аралығанда өтеді. Сонымен қатар ІІІ республикалық кезең шілде айында өтетін болады.

107 беттік эпосты жаппай оқу үрдісін Гиннестің рекордтар кітабына енгізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Аян Сәрсенбаев