Хабар телеарнасы

Аса мұқтаж және көпбалалы отбасылар 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмек алады

«Ең алдымен, ел жұмыс істеуі керек», – деді Елбасы. Ал мемлекеттің алдында тұрған міндет – әр адамға жұмыс тауып беру. Тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке зәру адамдарға әрдайым қолдау көрсетілетінін баршаға түсіндіру қажет екенін айтты.

Әрбір әлеуметтік көмек діттеген жеріне жетуі керек. Nur Otan съезінде Нұрсұлтан Назарбаев нақты тапсырма берді. Енді міне араға тура бір апта тастап, сол жұмыстың аяқалысын бағамдау үшін ауқымды іске жауаптыларды Ақордаға шақырды. Осыдан-ақ жағдайды Елбасының өзі тікелей бақылап отырғанын аңғаруға болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Nur Otan партиясының жақында өткен съезінде әлеуметтік саясат саласындағы шаралардың іске асырылуын егжей-тегжейлі қарастырдық. Мен тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсынған болатынмын. Біз бүгін соларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жан-жақты талқылаймыз. Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын түсінген жөн. Сондықтан мемлекеттің тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек.

Нақты міндеттерді съезде Елбасы айқындап бергеннен кейін Үкімет дереу іске кірісті. Бірнеше бағыт бар, солардың әрқайсысы бойынша «жол карталары» әзірленді. Яғни қазір жұмыстың жай-жапсары, мерзімі және әрбір іске жауапты мекемелер бәрі белгілі.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Бюджетті нақтылау мәселелері келесі Үкімет отырысында қарастырылады және Парламентке енгізіледі. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жүргізуді бастаймыз. Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жол желілерін электр энергетикасымен, газбен жабдықтау, жаңғырту, шағын және моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту мәселелерінің бәрі ұйымдастырылатын болады.

Ендігі аптадан бастап Үкімет мүшелері аймақтарды аралайды. Ағайынның жағдайымен танысып, көзбе-көз кездесіп, бетпе-бет отырып, мұң-мұқтажын тыңдайды. Ал атаулы әлеуметтік және мемлекеттік жәрдемақыларға байланысты заңдарға өзгертулер енгізілген. Қазір құжат Парламенттің қарауында жатыр. Бұл айдың соңына дейін бітетін шаруа.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Төрт ережеге өзгеріс енгізілді. Ол әсіресе әрбір отбасының кірісін есептеуге байланысты. Сонымен қатар ең төменгі жалақы алатын бюджеттік мекемелердің қызметкерлерге байланысты өңірлермен бір айдың ішінде нақты есеп жүргізудеміз. Тиісті қаулыны қабылдаймыз.

Президент түсіндіру жұмыстарына мән беру қажеттігін баса айтты. «Көмекке зәру тұрғындардың бәріне әлеуметтік жәрдем берілуі қажет», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бағыттарыңның барлығы дұрыс. Ақша түседі. Салық төлеп отырған қазақстандықтардың ақшасын бөліп жатырмыз. Кейбіреуі маған хат жазып жатыр. Бұл халық. Мына жағын да, мына жағын да тең ұстау керек. Ең бастысы, хал-ауқаты төмен жандарға көмектесуіміз керек.

Қиын кезде де, әлеуметтік қолдау мәселесіне келгенде, мемлекеттің қипақтаған кезі болған жоқ. Биылғы есеп бойынша, республикалық бюджеттің 45% осы салаға тиесілі. Енді міне Nur Otan съезіндегі Президент тапсырмаларына сай, бірнеше бағыт бойынша қаражат ұлғайды. Демек қаржы бар, ендеше ең әуелі сол қаражат мұқтаж әрі көп бала асырап отырған отбасылардың кәдесіне тезара жарауы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көмекке аса мұқтаж және көпбалалы отбасылар 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуы қажет.

Азаматтардың жақсарған тұрмысы мен әл-ауқаты. Басшылардың жұмысы осы талапқа сай бағасын алатын болады. Ақордадағы кеңес кезінде Президент жалақыны көбейту жөніндегі жұмыстарды уақытылы орындауды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Акимам областей, Астаны, Алматы и Шымкента нужно держать актуальные вопросы жителей регионов на личном контроле и предпринимать конкретные меры по выполнению данных поручений. Кроме того, главным направлением также является обеспечение контроля эффективности использования средств, выделяемых на реализацию социальной политики.

Аз қамтылған, тұрмысы нашар отбасыларды қаржылай қолдаудан бөлек, Nur Otan съезінде Президент табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешуді, білім мен денсаулық сақтау салаларын жақсартуды тапсырды. Әлеуметтік жағдайы әрқилы аймақтардағы түйткілдердің түйінін тарқатуға қаржы бөлінді. «Экономикалық саясаттың тиімділігін арттыру керек», – деді Елбасы. Ал бұл істен тұрғындардың өздері де тыс қалмауы қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл енді біздің шашылып жатқан ақшаның барлығынан, артықшылығынан емес. Дегенмен басқа жаққа экономиканы өсіп-өндіруге жұмсамай, халыққа берейік деп отырмыз. Сол керек болып отыр. Сондықтан бұның барлығын түсініп, мемлекеттің қандай шарасы екенін біліп, барлық халық түсінуі керек. Ең алдымен ел жұмыс істеуі керек. Біздің мемлекеттің алдында тұрған міндет – жұмыс беру. Шағын және орта бизнесті қолдап, әр адамға жұмыс беру қажет. Үкімет, әкімдер, жұртшылық және Nur Otan партиясы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін осы жұмысқа атсалысуға тиіс. Мен бұл үдерісті өзім қадағалап отырамын.

Білім беру ісіндегі, денсаулық сақтау саласындағы реформаларды жүйелі жүргізуді, ішкі жолдар мен баспана құрылысының қарқынын күшейтуді, коммуналдық шаруашылықтағы мәселелерді шешуді, «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын тиянақты жүзеге асыруды Елбасы міндеттеді.

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Әлеуметтік қолдауға қарастырылған қаржы қомақты. Енді сол ақша орта жолда ортайып қалмай, нағыз мұқтаж адамдардың игілігіне жарауы тиіс. Міне осы тұста бақылау керек. Ал бақылауды Президент Әкімшілігі Nur Otan партиясымен бірлесіп жүргізеді.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Хасен Омарқұлов, Руслан Жәкеев