Хабар телеарнасы

ШҚО-да 2018 жылы жеңіл автокөлік өндірісі 60% артты

Бір жылдың ішінде жеңіл көлік құрастыру 72% өскен. Нәтижесінде автомобиль саудасынан 185 млрд теңге табыс түсіпті. Сарапшылардың пікірінше, экономиканың шикізаттық емес секторы бойынша автоиндустрия – ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Оған қоса Өскеменде жылына 60 мың автокөлік шығаратын зауыт салынып жатыр. Ол іске қосылғанда отандық автоиндустрияның қарқыны еселеп өспек.

Жаңа автозауыт Өскеменнің шетінде салынады. Ол үшін арнайы 500 гектардан астам жер бөлінген. Бүгінге дейін әкімшілік ғимараты бой көтерді. Былтыр күзден бастап өндірістің іргетасы қаланып жатыр. Құрылысшылар дәл қазір дәнекерлеу және сырлау бөлігінің тағанын тартуға кіріскен.

Дмитрий Попов, автозауыттың техникалық директоры:

- Биыл қозғалтқыш цехын толық аяқтап, құрылғыларды қойып, монтаждау жұмыстарын бастаймыз. Қазір барлық жұмыс кесте бойынша істелуде.

Зауыт іске қосылып, барлық қондырғылар орнатылған соң бір жылда 60 мың жеңіл автокөлік шығару жоспарланып отыр. Өндіріс толық іске қосылғанда бір мың адам тұрақты жұмысқа қабылданатын болады. Ол үшін жас мамандар қазіргі автозауытта дайындалып жатыр.

ЖОО студенттері іс-тәжірибеден зауытта өтеді. Оларға кәсіби мамандар цифрлық жүйемен жұмыс істейтін құрал-саймандардың қыр-сырын үйретеді.

Рустам Якупов, көлік құрастыру аумағының бригадирі:

- Студенттер зауытқа келген бойда бірден тәлімгерлер тағайындалады. Олар жас мамандарға автокөліктің әрбір тетігін құрастыруды көрсетеді.

Жаңа технология мен мамандардың кәсіби білімінің жетілуі автоөндіріс қарқынының артуына септігін тигізеді. Нәтижесінде өндірістің қарқыны жылына 25% өседі.

Ерік Сағымбаев, автозауыт директоры:

- Қазір өндірістегі өнім бір адамға шаққанда 150 мың долларға жетті. Бұл еліміз бойынша орташа статистикалық көрсеткіштен 5 есеге жоғары.

Өскемендегі автоөндірушілер осы жылдың соңына дейін 30 мың жаңа көлік шығарып, еліміз бойынша автоиндустрия саласында көш басына шығуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин