Хабар телеарнасы

Өскемен, Алматы, Қарағанды экологиясы нашар қалалардың көшін бастап тұр

Өкінішке қарай, соңғы 5 жылда бұл өңірлерде қаншама игі жобалар жүзеге асқанмен экологиялық жағдай жақсармаған. «Себебі бақылау әлсіз әрі компаниялардың эмиссия үшін беретін төлемақысы және айыппұлдар қоршаған ортаны сауықтыруға жұмсалмайды», – дейді табиғат жанашырлары.

Вера Тимофееваның Өскеменде тұрғанына 50 жыл болыпты. Өмір бойы медицина саласында қызмет еткен қарияны туған қаласының экологиясы қатты алаңдатады. Өйткені ойлы жердегі Өскеменді газ басқан кезде бүкіл ауруы асқынатынын айтады. Сондықтан қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ақпарат келсе, далаға шықпауға тырысады.

Вера Тимофеева, зейнеткер:

- Ауа лас қалдықтарға толған кезде бірден сезіледі. Өйткені айнала көрінбей, тұман болып кетеді. Ондай кезде есік-терезені қымтап, үйде отырамыз. Далаға шықсақ, маска киіп шығуға мәжбүр боламыз.

Ал Алматының төрт ауданында ауадағы қорғасынның мөлшері қалыпты деңгейден 100% асып кеткендігі жұртты алаңдатып отыр. Жылу энергия станциялары мен күн сайын қалада жүретін 700 мың автокөліктен қоршаған ортаға қорғасын, фармальдегид, азот диоксиді мен күкірт қышқылы сынды зиянды қалдықтар тарайды. Өткен жылы қалалық экология департаменті кәсіпорындарға 115 тексеру жүргізіп, 127 экологиялық заңбұзушылықты анықтаған.

Ермек Жұмағалиев, Экологиялық реттеу бөлімінің басшысы:

- Қоршаған ортаға келтірілетін зиянның орнын толтыру бойынша сомасы 57 млн 86 мың теңге болатын 49 ұйғарым берілді. Оның ішінде 41 млн 50 мың теңге болатын ұйғарымы төленді. Қалғаны сотта қаралып жатыр.

Анығында осы айыппұлдар мен компаниялардың эмиссия үшін беретін төлемақылары кейін қоршаған ортаны жақсартуға жұмсалуы тиіс болатын. Бірақ ортақ қазынаға түсетін қаражат мүлдем басқа мақсаттарға игеріліп жатыр. «Ал экология мәселесі кенже қалып келеді», – дейді табиғат жанашырлары.

Дмитрий Калмыков, эколог:

- Мәселен, облыстағы ірі компаниялар қоршаған ортаны ластағаны үшін жылына бірнеше млрд теңге өтемақы төлейді. Ол қаржы бюджетке түскен соң қайда жұмсалатыны белгісіз. Оның орнына компаниялар кәсіпорындағы сүзгілерді жыл сайын жаңартып отырса дұрыс болар еді. Ал оның орындалу барысын Үкімет бақылауға алсын. Сонда бірер жылда нәтиже болады.

Бұл бағытта биыл Теміртаудағы металлургиялық комбинат ірі экологиялық жобаларды қолға алды. Оны жүзеге асыруға 50 млрд теңге қаржы бөлінбекші. Осылайша 2023 жылға дейін өндірістен бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін екі есеге азайту жоспарда. Ал қазіргі күні Қарағанды облысындағы ірілі-ұсақты кәсіпорындар жылына 600 мың тоннаға жуық улы затты ауаға таратып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Олжас Керейхан, Алмас Сәдуақас