Хабар телеарнасы

Экономиканы дамыту ауылдан басталады

Осыған байланысты бір топ экономист пен сарапшы пікір білдірді.

Ауылға деген махаббатымыз сөз жүзінде ғана қалып жатқан жоқ па? Көп ауыл тек ата-әже мен бірен-сараң кәсібі барлардың ғана мекені болып қалмады ма? Мемлекет басшысы күні кеше ауылды жерлерде жұмыс орындарының қат боп тұрғанын айтты. Жұмысы жоқ жастар қалаға келіп күн көреді. Ал ауылда қалған өзге азаматтар ше? Барлығы қала жағалап кетсе не болмақ? Мемлекет басшысы жаңа жасақталатын Үкіметтің алдына осы мәселеге нүкте қоюды міндеттеді.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы:

- Қазір жай жаңарту емес, жаңа жүйеде істейтін Үкімет керек. Жаңа жүйеде түсінетіндей, білек сыбанып кірісетін не керек? Бұл шешім орынды деп ойлаймын. Енді жақсы Үкімет құру, солардан сұрауды, бақылауды ұйымдастыру керек.

Жаңа құрылатын Үкіметке қойылатын басты талаптардың бірі – жарты жолда сүрініп қала жаздаған әлеуметтік саланы қайқаң бастырып, жетелей жөнелу. Әр қазақстандықтың, оның ішінде көпбалалы және материалдық жағдайы төмен отбасылардың әл-ауқаты дұрысталуы тиіс. Жарлысы мен байы тең болу үшін мемлекет тарапынан тиісті бағдарламалар жасалуындай-ақ, жасалып жатыр. Бірақ мәселе бағдарламада емес. Нәтижесі өте төмен. Президент: «Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті», – деді. Сананы тұрмыс билейтінін бәріміз жақсы білеміз. Табысы өспесе отбасылар қалайша күн көріп, бала-шағасын қалай асырап отыр? Жығылғанға жұдырық, бұл аздай кейбір көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақыны да алып көрмеген. Атқарушы органдар жұмысына салғырт қарамағанда біз де, Президент те мұны айтпас еді. Енді осы олқылықтарға жол берілмеу керек.

Мақсат Халық, экономист:

- Тұрғын үй мәселесі, әлеуметтік жағдайы нашар аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасылардың жағдайы – бүгінгі күн тәртібінде алдыңғы орында. Келесі Үкіметтің алдына осы талаптар қойылады деп ойлаймын. Бірінші кезекте әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономиканы құру қажет.

Мемлекет басшысы дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін ел экономикасы мен білім-ғылым даму керектігін үнемі айтады. Елімізге ірі инвесторларды тартып, ел экспортын арттыруды тапсырған еді. Қай-қай бастамасы болмасын тек еліміздің, яғни сіз бен біздің жақсы өмір сүруіміз үшін істеліп жатқан жұмыстар.

Сәбит Суханов, ӘЭСИ сарапшысы:

- Экономикада шағын және орта бизнес үлесінің басым болуы – нөмір бірінші тапсырма. Президент мұны әрдайым айтып келеді. Жаңадан жасақталатын Үкімет осыған бар күшін салуы тиіс. Кедергілерді жойып, бизнес жасауға барлық жағдайды жасау керек. Банктер кепілдік алу саясатын өзгертіп, қызмет көрсеткені үшін алатын қаржыларын қайта қарауы қажет деп санаймын.

Сондай-ақ жаңа Үкіметтің жұмыс тобы – шағын және орта кәсіпті дамыту. «Шикізатты 95% дейін өңдесе, елдің экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септеседі», – дейді белгілі ғалым Мұрат Жұрынов.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ғылым академиясының президенті:

- Елбасы айтқандай, орта және шағын бизнесті дамыту керек. Бұл не деген сөз? Біз қазір мұнайды 70-75% дейін ғана өңдейміз. Америка 95% дейін өңдейді. Осыған жетуіміз керек. Міне осы кезде жұмыс орны көбейеді, шағын және орта бизнес дамиды. Бұл деген халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын жақсартады. Жұмыс көздерін ашады.

Әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларды таң атқанша айтсақ та таусылмайды. Енді Үкіметтің жаңа басшылығы өмір сүру деңгейін арттыруға, экономиканы ынталандыруға, стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нақты шаралар әзірлеуге тиіс. Осы мақсатқа бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінеді. Ол қаражат аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының баспана жағдайын жақсартуға, өңірлерді дамыту саясатын түбегейлі өзгертуге жұмсалады. Бұл жұмыстарды істеуге Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер міндетті. Үкімет пен өңірлердің иелігіндегі қаражаттың барлығы бақылауда болады. Жаңа құраммен жұмысқа кірісетін Үкімет осы айтылған барлық мәселені түбегейлі шешеді деп сенеміз.