Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында қалың қардан уақ мал қырылды

Қалың қардың құрсауында шамамен 300-ге жуық мал қалған. Төтенше жағдайлар қызметінің СМС-ескертпесіне қарамастан шопандар мың жарым бас малды жайлауға қарай көшірген. Алайда екі күн бойы толассыз жауған қардың қалыңдығы кей жерлерде 1 метрге дейін жетіп, жайлауға асыққан шопандардың жолы бөгелді. Дегенмен әзірге 77 түліктің өлексесі аршылып алынған. «Нақты шығын көлемін қар ерімей анықтау мүмкін болмай отыр», – дейді мамандар.

Жандос Қаюпов, облыстық ТЖД басқарма басшысының міндетін атқарушы:

- Негізі малшылар наурыз айының басында күн жылығаннан кейін барып көшу керек. Бұл жөнінде түсіндірме, үгіт-насихат жұмыстары жергілікті аудандық бөлімде, қала бөлімдерінде жүргізіліп жатыр. Өңірлік аэроұтқыр жасағынан 10 қызметкер, 3 бірлік техника көмек жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметкерлері де бірге жұмыс істеп жүр.