Хабар телеарнасы

Астанада аузы ашық қалған құдық тағы бір баланың өліміне себепші болды

Ол кезде 14 жастағы қыз бала қақпағы жоқ құдыққа құлап кетіп, бақилық болған. Осындай тағы бір суыт хабар күні кеше ғана келіп жетті. Елордадағы Теміржолшылар тұрғын алабындағы құдықтардың бірінен 13 жасар жасөспірімнің денесі табылды.

13 жасар жасөспірімнің жоғалып кеткендігі туралы хабар ақпанның 16-сы күні жарияланған болатын. Содан бері құтқарушылармен бірге ел болып біріккен еріктілер тобы баланы іздестірді. Жасөспірім жоғалғаннан кейін дауылды ескертулер жарияланып, боран да соққан. Қардың қалыңдығы іздестеру тобына біраз кедергі келтіріпті. Алайда 4 күнге жалғасқан шара барысында баланың жансыз денесі қақпағы ашық құдықтан табылды. Өкініштісі бұл маңда беті ашық осындай құдықтар көп екен.

Бақытбек Бидахметов, ерікті:

- Осы жерде біреуі болуы керек деп келе жатқан кезде таптық. Түсіп кетіпті. Ішінде ағаш, қолға таяқ ұстап алғанбыз ғой. Қазатын күрек жоқ. Күректерге жібердік, қаздық. Сол кезде бетінде тұрған қар ішіне түсіп кетіп, бала көрінді. Құлап жатыр. Арқасы бергі қабырғасына тиіп жатыр. Жұдырығын түйіп алған. Бірақ үстіндегі күртесін шешіп тастаған.

Еріктілердің болжауынша, жасөспірім тереңдігі 3 метрге жететін құдыққа құлағанда белін сындырып алуы мүмкін. Ұялы телефонының да қуат көзі бітіп қалған.

Софья Қылышбекова, Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Риат Шони, тілші:

- Бұл маңның қары көптен бері тазаланбағаны көрініп тұр. Жақын маңда мектеп орналасқан. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, 13 жасар бала кешке қарай мектептен шығып, таяқ тастам жерде тұрған әскери бөлімдегі мұз айдынына коньки тебуге шыққан. Ал мынадай опа қарда құдық түгіл жолды табудың өзі қиын. Енді осы қайғылы оқиғадан кейін жауапты мамандар бұл жердің қарын аршып, ашық қалған құдықтардың қақпағын орнату үстінде.

Жасөспірімді іздестірген еріктілердің сөзінше, мұндай ашық жатқан құдықтардың саны 10 шақты. Олар «Астана су арнасы» мекемесіне тиесілі екен. Компания өкілдеріне олардың неліктен қақпағы жоқ екендігін төтесінен сұрадық.

Сергей Вилков, «Астана су арнасы» бас директорының орынбасары:

- Былтыр қараша айында болған осындай қайғылы оқиғадан кейін біз қаладағы барлық құдықты тексерген болатынбыз. Ал 13 жасар бала құлаған бұл құдықтың қақпағы желтоқсан айында орнында болған. Темір сатып, пайда тапқысы келгендер осылай қақпақтарды ұрлап кетіп жатады.

Былтыр жауапты мекеме осындай қақпағы ұрланған 1 390 құдықты қалпына келтірген. Ал жалпы қала бойынша бүгінде компанияға 35 мыңға жуық құдық тиесілі. Ескерерлік бір жайт, өткен жылы Сарыарқа аудандық әкімдігі мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу жағын түсіндіріп, әлеуметтік желіге жолдаған еді.

Шойын қақпақтардың ұрлануы – бүкіл әлем бойынша үлкен мәселе. Кейбір мемлекеттердің климаты қақпақты өзге де материалдардан жасауға мүмкіндік берсе, енді біреулері осындай арнайы қорғаныс торларын пайдаланады. Шын мәнінде бұл – қақпақтан 1 метр қашықтықта орналастырылатын қарапайым тор. Дей тұрғанмен құлаған жағдайда адамның өмірін құтқаруға сеп болады

Жалпы былтыр елорда бойынша 114 құдықтың қақпағы ұрланғандығы тіркелген. Олардың тек 34-і қайтарылыпты. Ал мұндай қақпақтардың темір қабылдау қосындарындағы бағасы шамамен 3 мың теңге. Құдықтың қақпағын ұрлап, сатар алдында «Тағы бір жас баланы қыршыннан қимаймын ба?» деп ойланғаныңыз жөн.

Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов