СҚО шаруалары өсірген картоптарын сата алмай жүр

Бұл тұтынушыларға жақса, шаруаларды керісінше шығынға батырып жатыр. Олардың айтуынша, жиналған өнімнен пайда жоқ.

Евгений Мельничук картоптың голландиялық тұқымын егеді. Былтыр ол 3 мың тонна өнім алды. Бірақ 30 гектар жерін жинаған жоқ. Өйткені күзде сауданың нағыз қызған шағында баға түсіп кеткен. Себебі нарықта картоп көп.

Евгений Мельничук, фермер:

- Үш апта бұрын Ташкент пен Шымкентке барып келдім. Сұраныс жоқ. Онда Павлодардың картобы толып тұр. Бағасы – 60-80 теңге. Жол шығынымен санасақ, тиімсіз.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 600 мың тоннадай картоп шықты. Бұл жылдағыдан 17% көп екен. Шаруалар мол өнім жинап, енді оны арзанға сатқылары келмей отыр. Ал бағаны нарық реттейді.

Ерболат Бекшенов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Біріншіден ол халыққа жақсы. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бүгінде дүкендерде 46 теңгеден бар. Сондай-ақ 70 теңдеден бар. 2018 жылмен салыстырғанда бағасы 110-130 теңге болған.

Бағаның арзандауы шаруалардың қалтасын қақса, тұтынушыларға жағып отыр. Қазір картоптың келісі 46 теңгеден басталады. Бұған қарапайым тұрғындар дән риза.

Қанат Нұржанов, қала тұрғыны:

- Қазір картоп кішкене арзандады. Оның алдында 57 теңге болған. Қазір 46 теңге тұрады.

Бұл жағдайда қоймасы бар шаруалар ұтады. Олар қыс бойы сақтаған картопты көктемде қымбатырақ сатуға шығарады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев