Хабар телеарнасы

Тоқпен жүретін автобус сынақтан өткізіліп жатыр

Жаңа қоғамдық көлікті елордалықтар сынап көріп жатыр. Техниканың адамдарға ыңғайлылығын бағалайтын негізгі кезең осы.

Бұл – алғашқы жолаушылар. Жиырма шақты адам сынаққа қатысуға өздері ниет танытыпты. Оларға артылған айтарлықтай міндет жоқ. Өзі қалаған орнында отырып, алған әсерлерімен бөліссе болғаны. Ал жүргізуші болса, дәстүрлі автобус пен жаңаның айырмашылығын салыстырады.

Ербол Ургаринов, жүргізуші:

- Астында 16 аккумулятор тұр. Оның тоғы мына блокқа келеді. Сосын әр агрегат тоқты өзі жібереді. Мұнда май жоқ.

Бір қарағанда салон іші әдеттегі автобус сияқты. Десе де жолаушылардың бірі орындығын, енді бірі терезесін түртіп көріп жатыр. Жарты сағаттан соң олар да өз пікірлерін білдіре бастады.

Экологиялық көлікке мінсек, қоршаған ортамыз тазарады. Бірақ электр энергиясын да дизель отыны сияқты сатып алу қажет. Қаражат жағынан қайсысы тиімді? Автопарк өкілдері оны да есептеп қойыпты.

Жомарт Байбеков, автопарк өкілі:

- Бір шақырым жерге 1 кВ электр энергиясы кетеді. Шамамен ақысы 18 теңге. Дизельмен жүретін автобуспен салыстырғанда 120 теңге айырмашылық бар.

Бұған дейінгі сынақта көліктің қыс мезгіліне төзімділігі тексерілген. Өткен аязды күндері электроавтобус еш кедергісіз от алыпты. Бүгін жолаушы тасымалдап жатыр.

Ердәулет Байдуллаев, тілші

- Алда оны тағы екі апталық кезең күтіп тұр. Осы аралықта оның электр қуатының қанша уақытқа жететіндігі, сонымен қатар 6,5 тоннаға дейін жүкті таси алатын қуаттылығы ескеріледі. Тек осы сынақтар сәтті өткеннен кейін ғана оның әдеттегі дизельдік қоғамдық көліктерді айырбастау мәселесі қаралмақ. Қалада олардың саны 800-ден астам.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Әліби Ерел