Хабар телеарнасы

Мәжілісте елдегі жастар саясатын жүзеге асыру барысы талқыланды

Жастардың осы және өзге де өзекті мәселелерін шешу үшін арнайы Жол картасы қабылданды. Оған 130 млрд теңге жұмсалмақ. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жастар мәселесі талқыланды.

Қазір елімізде жұмыссыз, біліктілігін арттыру түгілі оқу оқымаған жастардың саны 300 мыңдай. Елбасы оларды іске тартуды нақты тапсырды. Аталған санаттағы жас қауымды жұмыспен қамту үшін арнайы Жол картасы қабылданды.

Дархан Кәлетаев, ҚР Қоғамдық даму министрі:

- Жол картасы 30 іс-шарадан тұрады. Онда жұмыссыз ауыл жастары, мүмкіндігі шектеулі, табысы тым төмен секілді 8 санаттағы жастармен жұмыс жүргізіледі. Кәсіби оқыту, жұмыс беру, кәсіпкерлікке баулу шаралары қарастырылған.

Қазір елімізде Президент тапсырған «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары әзірленіп жатыр. Маман қажеттілігі бойынша әр өңірдің сұранысы саралануы тиіс. Депутаттар осыны атап өтті.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы еліміздің көптеген өңірінде қарапайым қара жұмысшының мамандығы жетіспейді. Айтар болсақ, дәнекерлеуші, механизаторлар. Мектеп қабырғаларында оқып жүрген оқушылармен, олардың ата-аналарымен бірге де бірлесіп түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу, одан бөлек бітіруші түлектерді өндірістік орындарға апарып көрсету қажет.

Күш-қуатқа толы жас жұмыссыздық пен қамсыз тірлікте болса, қылмысты азайту қиын. Соңғы жылдары жастар арасындағы құқықбұзушылық сәл төмендеген. Дегенмен көрсеткіш көңіл көншітерлік емес.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Бұл мәселеге жан-жақты жүйелі түрде қарауымыз керек. Біз өз мүддесін әлсізге күш көрсетіп, әлімжеттілік танытпай, керісінше бір-біріне сенім ұялатып, мейірімділіктің дәнін сеуіп, кедергілерді еңсере білетін жастарды тәрбиелеуіміз керек. «Жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей» дегендей жастың бойына адамгершілік, мейірімділік, қамқорлық, ізеттілік қасиеттерін сіңіре білсек, елім, ерім дейтін тұлғаның қалыптасары хақ.

Тағы бір күрделі мәселе бар. Соңғы 4 жылда әрбір үшінші жас отбасы ажырасқан. Сондықтан тәрбиелі қыз бен рухты ұл тәрбиелеу мақсатында арнайы орталықтар ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 8 өңірде пилоттық режимде «Бақытты отбасы» орталықтары құрылады. Жастарды тұрғын үймен қамту сұрағы да өзекті.

Петр Шарапаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елбасының тапсырмасымен биыл бір мың отбасылық пәтер салынуы тиіс. Жастар қандай мехнизмдер бойынша баспаналы болмақ? Қалай іріктеледі?

Дархан Кәлетаев, ҚР Қоғамдық даму министрі:

- Алматы, Астана, Шымкент қалаларының жастарына бір мың пәтер салынады. Үй алуға 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар өтініш тапсыра алады. Шаршы метрі 180 мың теңгеден, пәтер аумағы 40 шаршы метрді құрайды.

Жастарды тұрғын үймен қамту жобасы апта соңына дейін әзірленіп, Үкіметке жолданады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев