Хабар телеарнасы

Елордалық жас ғалымдар тың жаңалық ойлап тапты

Мысалы, елордадағы жас ғалымдар жарамсыз жатқан жерлерді жайылымға айналдырудың сырын ашты. Әрі ел аумағын онлайн бақылап, топырақ құнарлылығы туралы жедел ақпарат берудің жолын тапты. Балық өндірісін өркендетуде де тың жаңалықтар бар.

Алдағы уақытта егіннің қанша пайызы жиналып, қаншасы қар астында қалғанын шаруа қожалығының басшысынан бұрын әкімшілік біледі. Жас ғалымдар тың жаңалық ойлап тапты.

Ұшқышсыз аппараттар арқылы жедел түрде жер телімдерін бақылап, картаграммасын жасайды. Бұған агрохимиялық және спектрлік сараптаманы қосыңыз.

Шолпан Уалиева, Ғарыш орталығы меңгерушісінің орынбасары, география ғылымдарының магистрі:

- Әкімшілікке берілген екі мәлімет бар: бірі фермер берген, екіншісі біз берген мәліметтер. Біз берген онлайн ақпарат арқылы қашан, не істелгенін ғарыштан бақылап, анықтап айта аламыз. Осы екі мәліметтің айырмашылығы 10% жетеді.

Жоба өткен жылы Қостанай, Ақтөбе, Ақмола облыстарында тәжірибеден өткізілген. Зерттеу нәтижесінде осы өңірлердегі жердің 10% пайдаға аспай жатқандығы анықталды. «Ақпараттың дәлдігі 95, – дейді Шолпан Уалиева. Ал Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы Әділбек Ноғаев құнарлылығын жоғалтқан жайылымдарды қайта қалпына келтірудің әдісін ұсынып отыр.

Әділбек Ноғаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы:

- Бұршақ және астық тұқымдас шөп қоспаларды жайылымдар мен шабындықтарға тікелей себу арқылы жасап отырмыз. Бұрынғы тәсілдерде өңдеп себетінбіз. Ол жерлердің өнімділігі зерттеу басталмай тұрып құлдыраған, тапталған болғандықтан, 3-4 центнерден аспайтын. Қазіргі кезде 15 центнерге дейін жоғарылады.

Ғылыми зерттеудің негізгі мақсаты – мал азығын арттыру. Бүгінде ел аумағында 188 млн гектар жайылым бар. Оның 27 млн гектары жарамсыз жатыр. «Алайда олардың барлығын пайдаға асыруға болады», – дейді маман.

Ал жас профессор Гүлжан Әубәкірова балық шаруашылығын дамытуды қолға алған. Судың гидрохимиялық тәртібін, балықтардың азықтық қорын және ихтиофаунаны зерттейді.

Гүлжан Әубәкірова, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің кафедра профессоры:

- Қазіргі кезде Орталық Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтар өсіріліп жатыр. Біздің аймақта өсірілмейтін балықтар деп айтуға болады. Болашақта бұлардан тұқым алу жұмыстары жоспарда бар.

Бекірені қолдан өсіру Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында қолға алынған. Әдетте өзен-көлдердегі оттегі қыс мезгілінде 3, жазда 10 мг болуы шарт. Ал қолдан жасалған тоғандарда оттегі мөлшері бірқалыпты. Бұл – балықтың өсіп, жетілуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі.

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші:

- Мына бекіре балығы 6 жыл бұрын Алматыдан арнайы әкелінген. Бастапқыда салмағы 30 грамға жетпейтін. Қазір 10 келіден аспаса, кем түспейді. Табиғи өзен-көлдерде осынша уақытта мұндай салмақ жинау мүмкін емес. Ғалымдар зертханада арнайы күтіп, баптап, күніне 3 мезгіл тамақтандырады.

Елімізде жылына шамамен 3 мың тонна балық қолдан өсірілсе, 40 мың тоннасы өзен-көлдерден ауланады. Алайда бұл ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Жасампаз ғалым балық өндірісін дамыту үшін алдағы уақытта солтүстіктегі өзен-көлдерді суыққа төзімді гибридтермен толықтыру жобасын жүзеге асырмақшы. Жалпы жастардың тыңға түрең салған инновациялық бастамалары ғылымға негізделген экономиканың өрісін кеңейтіп, ауыл шаруашылығын өркендетуге сеп болмақ.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Мейрамбек Ақмаханов