Хабар телеарнасы

Павлодардағы тұрғын үйде жылу жоқ

Дегенмен адамның денсаулығына кері әсер ететін факторлар да кездесіп жатады. Павлодар қаласының тұрғындары: «Пәтеріміз жылынбай, суық үйде бүрісіп отырмыз», – деп дабыл қағып жатыр. Айтуларынша, көпқабатты үйлерде жылу әлсіреген. Бұған соңғы күндері қаһарына мінген Арқаның шыңылтыр аязы әсер етті ме, әлде жылу беру мекемесінен кінәрат кетіп жатыр ма?

Гүлмира Шәмшиденова осы пәтерде 15 жылдан бері тұрады. Баспанасы суып кеткендіктен қабат-қабат киініп жүруге мәжбүр. Қазіргі уақытта бұл шағын ауданда 200-ден астам тұрғыны бар төрт баспананың иелері тоңып отыр.

Гүлмира Шәмшиденова, қала тұрғыны:

- Далада аяз. Содан бері міне, үйдің іші салқын. 15-16 градусты көрсетеді. Ұйықтағанда суық. Енді көрпе жамылып жатырмыз.

Осындай қиындықтарды Екінші Павлодар шағын ауданының тұрғындары да көріп отыр. Бөлмелердегі жылу параметрлері нормаға сай емес. Жатын бөлмедегі температура +22 болу керек болса, кей үйлерде +17-ге төмендеген. Желілік судың қысымы да төмен.

Валентина Манохина, ПИК өкілі, бас инженер:

- Ыстық судың қысымы – небәрі 100 грамм. 7-8 кіреберіс те нормаға сәйкес емес. Қыстың басында 300 грамға көтерілген. Бұған дейін осы үйде қысымды көтеретін құрылғылар болыпты. Алып тастаған соң жағдай қиындады.

Жылу тарату кәсіпорындары, тұрғын үй инспекциясы мен ПИК қызметкерлері үш топқа бөлініп тексеруде. Негізгі себептерін де анықтады.

Нұрлан Рашитов, қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Негізгі себеп – гидравликалық температуралық параметрлерінің болмауы. Біз тексерген үйлердің 30% осындай мәселелер. Сонымен қатар желілік судың температурасы нормаға сай емес. Осыған орай жылу тарату компаниясына шағым түсіріп, талап қойдық.

Мамандардың айтуынша, сарышұнақ аяз салдарынан бөлмелердегі жылу нормаға сәйкес емес. Жұмыс комиссиялары күніне 30-дан астам үйді тексеріп жатыр. Мәселені шешу жылу тарату компаниясына жүктелді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Соңғы тәуліктерде қала тұрғындары тарапынан жылу энергиясының жетіспеушілігіне қатысты 200-ден астам шағым түскен. Сала мамандарының айтуынша, олардың 30% расталады екен. Қазіргі уақытта тұрғындардың шағымдары бойынша нақты шаралар қолға алынып, оннан астам үйде жылу параметрлері нормаға сәйкестендірілді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков