Хабар телеарнасы

Өскемендегі жасөспірімдер клубының жұмысы жанданады

Қалада 5 жыл бұрын ашылған 30 клубта жеткіншектер дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты үйірмелерге тегін қатысады. Ал жас құтқарушылар орталығының жеткіншектері биыл бірқатар халықаралық жарысқа баруды жоспарлап отыр.

Қалалық білім бөлімі жанынан құрылған балалар мен жасөспірімдер кулбының жұмысы өз нәтижесін берді. Бастапқыда шағын ғана үйірме ретінде ашылған. Бүгінде қаланың әрбір шағын ауданында жұмыс істейді. Кішкентай бөбектерден бастап, жоғары сынып оқушылары мен жасөспірімдер осы клубта  дойбы, шахмат, тоғызқұамалқ және стол теннисін тегін ойнайды. Бұл әсіресе ата-аналар үшін тиімді болып тұр.

Алма Қабдісләм, қала тұрғыны:

- Қазір балалар үйге сабақтан келеді де, компьютер ойнап, телефоннан шықпайды. Сондықтан осындай клубтар тағы да көбірек ашылса деген ойымыз бар.

Қала әкімдігі жастар жылы аясында 5 клубты бастан аяқ жаңғыртпақ. Ол үшін 52 миллион теңге бөлді. Тек спорттық бағытта ғана емес интеллектуалдық үйірмелер де ашылады.

Ольга Ботвинова, балалар мен жасөспірімдер клубы директорының орынбасары:

- Соңғы 5 жылда біздің клубтар бір де бір рет жөнделген жоқ. Сондықтан осы бөлінген қаржы жаңғырту жұмыстарына жұмсалады. Оған қоса жаңадан IT сыныптар мен спорт залдар ашамыз.

Қазір қала бойынша ашылған 30 клубта  5 мыңға жуық бала бос уақытын өткізеді. Ең негізгісі барлық үйірме тегін.

Бұл – жас құтқарушылар орталығы жеткіншектерінің жетістігі. Олар өрттен құтқару спорты бойынша ел бірнішілігі мен халықаралық жарыстарда жүлдемен оралып жүр. Осы орталықта тәлім алған түлектердің көбі жоғары оқу орнында құтқарушы мамандығын таңдайды.

Евгений Шатурный, жас құтқарушылар орталығының жетекшісі:

- Біздің орталықта дайындалған балалар Барнауылда, Санкт-Петербург пен Әзербайжанда өткен жарысқа қатысып алдыңғы орындарға ие болды. 2018 жылы мектеп бітірген бірнеше түлек жоғары оқу орындарында құтқарушы мамандығын оқып жатыр.

5 жыл бұрын құрылған орталыққа қазір қаладағы 22 мектептен 600-ге жуық жасөпірім келеді. Оларға қалалық және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тегін дәріс береді. Негізгі мақсат жасөпірімдердің уақытын тиімді өткізу.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин