Хабар телеарнасы

«Дипломмен ауылға»: Ақтөбе облысында баспанаға бөлінетін қаражат көлемі екі есе артты

Бұл шалғайдағы елді мекендерді білікті мамандармен қамтуға септігін тигізбек. Былтыр жоғары оқу орнын бітірген 600-дей түлек шағын ауылдарға жолдама алды.

Тимур мен Бибігүл Таймановтар ерлі-зайыпты. Бірі дене шынықтыру пәнінен сабақ берсе, бірі педагог-психолог. Қос мұғалім облыстағы шалғай елді-мекенге жолдама алып, ауыл мектебіне жұмысқа орналасты.

Тимур Тайманов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Менің анам – педагог. Сол үшін де арманым ұстаз болу еді. Білгенімді оқушыларға үйретсем деймін. Дене тәрбиесі де өмірге қажет-ақ, міне балалардың арасында шаңғы тебуді игергендері таяқсыз да жүре алады. Қазіргі шәкірттерім арасынан болашақ спортшы шығатынына үмітім бар.

Ал Бибігүл балалармен емен-жарқын сөйлесіп, олардың логикалық дамуына күш салады. Әрі баланың көңіл-күйін аулайды.

Бибігүл Тайманова, педагог-психолог:

- Үйден оқытылса да, коррекционный жұмыстарға осы мектепке келіп тұрады. Сосын қоңырау кезінде балалармен араласады. Сондай-ақ басқа оқушылармен ойнап, сөйлесіп, қарым-қатынас жасауға қолдау көрсетеміз.

Жас мамандардың ауылға келіп тұрақтауын жергілікті тұрғындар құптап отыр. Ақпараттық-технология бәсекелескен заманда, мектеп оқушыларын осы бағытта тәрбиелейтін кадрлардың жолдамамен келуі – құптарлық жағдай.

Ботагөз Түрікпеналина, мектеп директоры:

- Қазіргі таңда біздің мектебімізде мамандарға тапшылық жоқ. Себебі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында біздің мектебімізде тоғыз мұғалім үй алып отыр.

Тұрақты жұмыспен қатар баспанамен қамту да бұл бағдарламаның жеңсік тұсы. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысына республикалық бюджеттен 474 млн теңге бөлінген. Ал әлеуметтік қолдау немесе бір реттік төлемге 550 млн теңге қарастырылған. Сәйкесінше 603 маман жолдамамен шағын ауылдарға барып еңбек етуде.

Әзірге бұл бағдарлама бойынша екі қолға бір күрек тапқандардың дені – білім беру мен денсаулық сақтау саласының мамандары. Ауыл шаруашылығы бойынша өткен жылы тек 26 адам бірнеше ауданға барып тұрақтапты. Бұл көрсеткіштер алдағы уақыттары өсуге тиіс.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Себебі жастарды қолдауға бөлінетін қаржы қомақты. Биыл ауылдарға баратын әрбір маманға бір жолғы көмек ретінде 176 750 теңге беріледі. Бұл мақсатқа тиісті бюджеттен биыл шамамен 59 млн теңге жұмсау жоспарланған. Ал баспанаға бөлінетін қаржы көлемі – 988 млн теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе артық болмақ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков