Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында электр энергиясының жаңа тарифі енгізілді

Жаңа баға өткен жылға қарағанда 11% төмен. Электр энергиясының бағасын арзандату туралы тұрғындар талабынан соң жергілікті билік, табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестікті қорғау департаменті және энергиямен жабдықтаушы мекеме ортақ шешімге келді.

Жаңа жылдан бастап Ақтау қаласын энергиямен жабдықтау жаңа компанияға берілді. Аталған компания халыққа үш деңгейлі тариф жүйесін ұсынды. Үшінші деңгей бойынша электр қуатын тұтыну 150 квт-тан асса, онда тұрғындар 26 теңге 43 тиыннан төлеуі тиіс. Бұл қала халқының наразылығын тудырды. Ольга Романовская үш деңгейлі тарифті енгізу қарапайым тұрғындардың қалтасын қағу екенін айтады.

Ольга Романовская, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Мен ұлыммен үш бөлмелі үйде тұрамын. Ай сайын электр қуатына 6 мың, жазда 10 мың теңгедей төлейміз. Ал үш деңгейлі тариф енгізілсе, қалтама ауыр тиері анық. Келесі жылы зейнетке шығамын. Сонда қалай төлемекпін. Коммуналдық қызметпен қоса, тамағымыз, дәрі-дермегіміз бар дегендей.

Ақтауда электр қуатына үш деңгейлі төлем жүйесі енгізілмейтін болды. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергиямен жабдықтаушы мекеме осылай деп мәлімдеді. Қала тұрғындары үшін ортақ жаңа тариф белгіленді.

Абзал Төлемісов, энергиямен жабдықтаушы мекеменің басшысы:

- Біздің осы жылға бекіткен тарифіміз қосымша құн салығын қоса есептегенде 17 теңге 29 тиын болайын деп тұр. Халықтың үндеуін естіп, дифтариф қолайсыз дегеннен кейін біз оны қолданбайтын болып отырмыз.

Өркен Бисақаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

- Сонымен қатар іргелес Ақтау қаласының құрамына кіретін Өмірзақ, Приморский, Приозерный елді мекендері бар. Олардың да тарифтері 17 теңге 29 тиынға түседі. Нәтижесінде қорытындылай келе, Ақтау қаласы мен іргелес елді мекендерде НДС-ті қосқанда 17 теңге 29 тиынды құрайтын бір тариф болады

Осылайша Ақтаудағы электр қуатының бағасы 11% төмендеді. Былтырғы баға 19 теңге 42 тиын болатын.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Сондай-ақ жаңа жылдан бастап өңірдегі барлық аудандағы электр қуатының бағасы арзандады. Маңғыстау, Бейнеу, Түпқараған, Қарақия аудандары үшін бір тариф белгіленді. Бұрын бұл аудандар электр энергиясына 20 теңге төлеп келсе, қаңтар айының бірінен бастап баға 16 теңге 89 тиынға түсті. Ең төменгі тариф Мұнайлы ауданында: 15 теңге 62 тиын. Бұл бағаларды бүгін-ертең келетін түбіртектерден көруге болады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев