Хабар телеарнасы

Елімізде алғаш рет жүрекке инновациялық операция жасалды

Ғаламшар халқын елең еткізген медицинадағы сенсациялық операцияның алғашқы нәтижелері Астанада жария етілді. Онымен танысуға шетелден ғалымдар арнайы келген.

Бар болғаны 1,5 ай бұрын алматылық Исмаил Тұрсынов өз бетімен жүруге қауқарсыз еді. Орнынан тұрудың өзі қиындық туғызатын.  Дәрігерлердің қойған диагнозы – асқынған миокордит. 24 жастағы жігітті туыстары Астанадағы кардиоxирургиялық орталыққа алып келеді. Салы суға кеткен Исмаил бұрын соңды әлемде жасалмаған жаңа операцияға келісімін береді. Әуелде бойын қорқыныш билеген. Қазір әрбір атқан таңына тәубе етеді.

Исмаил Тұрсынов, науқас:

- Операцияға дейін жағдайым өте ауыр болды. Кардиоxирургиялық орталыққа алып келген соң, 10 күндей емделіп, операция жасатуға келісімімді бердім. Қазір жағдайым жақсы. Үш айда бір мәрте дәрігерге қаралып тұруым қажет.

Бас кардиохирург Юрий Пя Исмаил Тұрсыновты ғарышқа ұшқан космонавтқа теңейді. Себебі оған әлем бойынша алғаш рет инновациялық операция жасалды. Жүрек қағысы сымсыз құрылғының көмегімен қалпына келтірілді.

Юрий Пя, «Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Науқасты 1 жылдай бақылаймыз. Содан кейін ғана аталған қондырғыны кең қолданысқа енгізетін боламыз. Жаңа құрылғының қызметі кәдімгі кардиостимулятормен бірдей. Бірақ сымсыз. Бұл науқас үшін қолайлы әрі қауіпсіз.

Жаңа аппараттың батареясы кеуденің ішіне, жүректің сол жақ қарыншасына орнатылады. Бірегей құрылғы Израильде жасалған.

Майкл Зильбершлаг, шетелдік компанияның басқарма төрағасы:

- Бұл көмекші құрылғы адамға еркін қозғалуға мүмкіндік береді. Себебі сыртқа ешқандай кабельдер шығарылмайды. Қан айналым құрылғысын қуаттау үшін белбеуді былай қосасыз. Қуаты 8 сағатқа жетеді. Арнайы қолсағат жүректің қағысы мен қанның қысымын көрсетіп тұрады.

Бұрын соңды науқастар операциядан кейін өзімен бірге батареясы бар үлкен сөмкені алып жүретін. Денесінен шыққан сымға бактериялар жиналмас үшін үнемі бақылауда болды. Салаға жаңашылдықтың енгізілуімен бұл қиындықтар өткеннің еншісінде қалмақ.

Иван Нетука, кардиохирург, Медицина ғылымдарының докторы, профессор /Чехия/:

- Доктор Пя мен оның командасын құттықтаймын. Әлем үшін тың жаңалық ашты. Бірегей құрылғыны орнатуда батыл қадам жасады. Адамның операциядан кейін сымсыз, қалыпты өмір сүруіне жол ашты.

Бұл әлем халқы үшін тың жаңалық. Жүрек ауруын емдеудің жаңа тәсілі. Бүгінде ғаламшарда 26 млн адам аталған дертке шалдыққан. Статистикаға сай олардың 50% 5 жыл ішінде қайтыс болады. Себебі донор жеткіліксіз. Ал жаңа құрылғы донорлық жүректі алмастыру арқылы адамның ғұмырын ұзартады.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Ғани Алшынбаев