Хабар телеарнасы

«Ұлы даланың жеті қыры»: Ер қаруы – бес қару

Қазақ әдебиетінде ел қорғаған батырлар, олардың қару-жарақтары туралы жырда жырланғанын білесіздер. Қазір әрине алмас қылыш, егеулі найза қолға алып жатқан ешкім жоқ. Бірақ оларды спорттық мақсатта қолданатындар бар.

Бір қарағанда орта ғасырға тап болдың ба дерсің. Жоқ, бұл жай ғана бес қаруын асынған батырлардың жаттығуы. Дәлірек айтқанда тарихи орта ғасырлық жекпе-жек. Сауыттарының ауырлығы соншалық, бір адамның өзі киінуге шамасы жетпейді.

Алаңға шыққанда аяушылық жоқ. Иықтары тоқпандай, балға жұдырықты жігіттер соққыны қарша боратады. Темір балта, қылыштардан жарақат алу да ғажап емес.

Ескерерлік бір жайт, батырлар ұстаған қарулардың жүзі қайралмайды. Қауіпсіздік бірінші орында. Бірақ салмағы жағынан кезінде жаугершілік заманда ел қорғаған қазақ батырларының қаруларынан еш кем түспейді. Соққылары да сондай. Болаттың өзін қақ айырады.

Тарихты жандандырып жүрген жігіттердің ұйымы «Темір Түмен» деп аталады. Атауы кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені, кезінде Орталық Азиядағы 10 мың әскерден тұратын жасақтарды «Түмен» деген. Бұл жігіттердің киімдері де сол түркі батырлары киген сауыт-саймандардың дәлме-дәл көшірмесі.

Евгений Сухотин, «» клубының жетекшісі:

- Менің үстімдегі сауыт Орталық Азия аумағында 14-15 ғасырларда киген киімге ұқсайды. Хатангу-дегель үлгісі бойынша жасалынған. Нақтырақ айтқанда, болат пластиналар матаның ішкі жағына тігіледі. Осылайша сауыттың сыртқы жағы ажарланып тұрады.

Айта кету керек, бұл киім үлгісі Еуропаға қазақ даласынан келген. Рыцарьлар да көшпенділердің темір, болатты тиімді мақсатта қолданғанын көріп таңданған деседі. Өйткені бұл металл тек денені ғана емес, басты да ауыр соққылардан қорғаған.

Риат Шони, тілші:

- Темір, болаттан жасалған мына дулығаның салмағы 5 келі. Қорғанысының қалыңдығы 3 мм. Қатты соққыларға шыдас береді.

Қазір тарихи орта ғасырлық жекпе-жектен түрлі турнирлер ұйымдастырылады. Бес қаруын асынып, ауыр сауыт киген қарсыласты тізе бүктіру – жарыстың басты мақсаты. Ол әрине оңай шаруа емес. Өзіндік айла-тәсілдер бар.

Евгений Сухотин, «Темір Түмен» клубының жетекшісі:

- Сауыт киген адамның салмағы ауыр болады. Жекпе-жекте қарсыластар сайысқанда аренаны қоршап тұрған мынадай қазықтардың көмегіне сүйеніп, өзара мықтыны анықтайды.

Тарихи орта ғасырлық жекпе-жек бізде әзірше кенжелеп дамыған. ТМД елдері арасында тек Украинада ғана ресми спорт ретінде тіркелген. Енді тарихи танымдығы бар, рухани жаңғыру жолындағы спорт біртіндеп ілгерілеп келеді.

Жастардың қызуғышылығы артып, тарихи орта ғасырлық жекпе-жекке көптеп тартылады деп үміттенеміз.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Қарақойшиев