Хабар телеарнасы

«Қобыланды батыр» жырын жатқа оқудан оқушылар арасында республикалық байқау өтеді

Гиннестің рекордтар кітабына енуі де әбден мүмкін. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауы оқушылар арасында өтетінін мәлімдеді.

Сайысқа еліміздегі 5 мың мектептен 50 мың оқушы қатысады деп жоспарланып отыр. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға «Хабар» Агенттігі де атсалысады. Жыр додасы теледидардан, интернеттен көрсетіліп, республикалық ақтық сын гала-концертке ұласады.

Мына тұрған Қобыланға

Атсаң бір мылтық өтпейді,

Шапсаң да қылыш кеспейді,

Салсаң бір отқа күймейді,

Салсаң да суға батпайды...

Оқушылар «Қобыланды батыр» жырын толық жаттауы тиіс. Ерікті түрде болған соң сайысқа қатысу ешкімге міндеттелмейді. Аудандық кезең 22-28 сәуір аралығында, облыстық кезең 23-29 мамырда, ал ақтық байқау шілдеге жоспарланған. Қобыланды батыр жырының 29 нұсқасынан ғалымдар Марабай жыраудың нұсқасын таңдалған.

Бақытжан Жұмағалиұлы, «Qazaq epos» қоғамдық қорының бас директоры:

- Он балдық жүйемен белгіленетін болады. І кезең жыр айтудан сайыс, ІІ кезең жер-су аттары. Сол кезде оқиғалар болған жерлер туралы сұрақ болады. ІІІ кезеңде көнерген сөздердің мән-мағынасын ашу.

Жырдағы әр көнерген сөздің мағынасын түсініп, жер-су аттарын жадыңызға сақтамасаңыз, мәнерлеп айтып бергеніңізден үздік атануыңыз екіталай.

Талап солай өйткені. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Ең бастысы оқушыларға көптеген батырлар жыры арқылы рухани әрі патриоттық тәрбие беру», – дейді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Алдымызға қойып отырған масқат - қазақ эпосты, ауқымды тв-жобаға айналдыру, «Хабар» агенттігінің эфирі арқылы жан-жақты насихаттау.  Осылайша, бабаларымыздан қалған көне сөздерді, фольклорымызды балаларымыздың санасына сіңіру. Отанын сүйетін, тарихи жәдігерін қастерлей алатын ұл-қыз тәрбиелеу.

Байқаудың ережесі туралы толық ақпарат республикалық басылымдарда жарияланады. Ал облыстық байқауларды «Хабар» телеарнасы көрсететін болады.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары:

- Бірінші кезекте әрине, жаңалықтар, ақпараттық бағдарламалар арқылы көпшілікке насихаттайтын боламыз. Екінші кезекте облыстарда болатын жарыстарды іріктеп, арнайы жастарға қызық және тек экран арқылы ғана емес, интернетте де көруге болатындай арнайы күнделіктер арқылы жеткізуді жоспарлап отырмыз. Республикалық ақтық сынды шоу, гала-концерт ретінде толық нұсқада түсіріп, жалпы Қазақстанның көрермендеріне кең көлемде ұсынамыз деген ойдамыз.

Облыстық байқаудан бірінші орын алған оқушыға 1 млн теңге, екінші орын 600 мың, үшінші орынға 300 жүз мың теңге. Облыстық кезеңнен өткен оқушының мұғаліміне де ақшалай сыйақы беріледі.

Айбар Төлжанұлы, тілші:

- Мына тұрған Қобылан

Бар қуатын жинап ап,

Қанша мықты болса да,

Мына тұрған қалмақты

Көтеріп жерден алады.

Қалмақты жерге ұрады.

Таудай болған қалмағың

Сол баладан құлады.

Байқауға қатысамын дегендер қазірден дайындалғаны жөн. Өйткені, 107 бет, яғни 3 627 қатардан тұратын жырды жаттау уақытты талап етеді.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Абдулла Исаев