Хабар телеарнасы

Қостанайда 16 мың кәсiпкерге қызмет көрсетiлдi

Бүгінде бұл мекеме іскер жандардың түрлі мәселелер бойынша ақыл-кеңес алатын орнына айналған. Ондағы мамандар кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп қана қоймай, есеп-қисабын әзірлеуге де көмектеседі.

Кәсіпкер Наталья Ватагина бұл орталыққа жиі келеді. Бірде жылдық есебін түзеп-күзетіп алса, енді бірде жерді жалға алу үшін заңгер көмегіне жүгінген. Осындағы білікті мамандардың ақыл-кеңесімен барлық мәселе оң шешілді.

Наталья Ватагина, кәсіпкер:

- Бұл – кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Біз өз ісіміздің шебері болуымыз мүмкін. Алайда қаржылық сауаттылық, заң жағынан ақсап жататынымыз жасырын емес. Ондайда көмекті біз тек орталықтан ғана аламыз.

Бұл орталықта он шақты заңгер, маркетолог, экономист сияқты кәсіби мамандар 60-тан астам сервистік қызмет түрін көрсетеді. Бизнесті рәсімдеп, ашудан бастап, оны дамытудың жолдарын анықтап беріп, туындаған кедергілерді еңсеруге барынша атсалысады. Оған қосымша кәсіпкерлер үшін жеке портал ашылды.

Баян Жұмағұлова, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Ол платформада кәсіпкерлерге тегін әрі пайдалы, өте ыңғайлы құралдар өте көп. Мысалы сол платформа арқылы кәсіпкерлер өтініштерін үйден шықпай-ақ бере алады. Сонымен бірге жеңілдікпен несие алу үшін өтінімді бере алады. Ол өтінім бүкіл қаржы институттарына бірден түседі.

Өткен жыл ішінде облыстағы осындай орталықтарға 16 мыңға жуық кәсіпкер түрлі өтініштермен келген. Солардың барлығына тиісті көмек көрсетілген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг