Хабар телеарнасы

Алматының үш ірі даңғылында жылдамдықты шектегеннен кейін көлік қозғалысы жақсарды

Бұл автодаңғылда 2018 жылы 100-ден астам жол апаты тіркелген. Ал жылдамдықты 80-нен 60-қа төмендеткелі қозғалыс едәуір жақсарған. Соңғы үш күнде жол көлік оқиғасы тіркелмеген.

2012 жылы шығыс айналма жолы іске қосылғанда жүргізушілерге автодаңғылда сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген еді. Бірақ қызуқанды жүргізушілерге бұл да аздық еткен сыңайлы. Аталған жол бөліктерінде көлік апаттарының саны жыл сайын артқан. Мысалы 2016 жылы 76 жол көлік оқиғасы тіркелсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 100-ден асқан.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің басшысы:

- Қаламыздағы автокөліктердің саны да көбейе түсті. Қалаға өзге өңірлерден күнделікті кіріп-шығып тұратын автокөліктердің де саны көбейді. Сондықтан жол жүру жағын тұрақтандырмасақ жапа шеккендердің саны одан да көбейе түсуі мүмкін.

Өткен жылы мегаполисте 4,5 мың көлік апаты тіркеліп, онда 120 адам көз жұмған. 5 мыңдай жүргізуші мен жаяу жүргінші ауруханаға түсті. Жолдардағы бұл жағдай полицейлерді жаңа ереже енгізуге мәжбүрледі. Бұл шешім үшін қала билігі біраз сынға да ілікті.

Бақытжан Әбілғазы, жүргізуші:

- 60 болмайды ғой Әл-Фарабиде. Тасжолда сол 80-ді қайта қойса деймін. Қаланың іші емес, шет жағы. Айналма етіп не үшін қойды сонда?

Любовь Шишияну, жүргізуші:

- Маған 80 шақырым жылдамдық ыңғайлы еді. Саяжайға айналма жол арқылы барамын. 80-мен жүрсем де жол тәрбітін ешқашан бұзған емеспін.

Арада бір апта өтіп, жаңа жол ережесін қолдайтындардың қатары көбейе бастады.

Ернар Жұматаев, жүргізуші:

- Жаңа ереже жақсы өзгерістерге әкеледі. Қала бойынша бірдей орташа жылдамдық болғаны дұрыс. Бұл жол апатын азайтады.

Жәнібек Баширов, жүргізуші:

- Менің ойымша, бұл – дұрыс шешім. Себебі кейбіреулер сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүруге үйренген, ал енді біреулер діттеген жеріне тез барғанды қалайды. Сондықтан жолда жүру жылдамдығын теңестірсе, бәрі дұрыс болады.

Мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, үлкен даңғылда жылдамдық тәртібін 20 шақырымға азайту жолда жүру уақытын 2 минутқа ғана ұзартады екен. Сондықтан осы аз ғана уақыт жүздеген адамның өмірінен қымбат емес екенін есте ұстаған жөн.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Асқар Серғалиев, Мұхит Қудықбаев