01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
×

Ескерту

JUser: :_load: Келесі ID-ге ие қолданушыны жүктеу мүмкін болмады: 149
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Маңғыстау облысында алдағы 2 жылда жаңа жатақханалар пайдалануға берілмек

  • Категория: Сюжеттер
Маңғыстау облысында алдағы 2 жылда жаңа жатақханалар пайдалануға берілмек

Жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алып жатқан жастардың баспана мәселесін шешуде Маңғыстау облысы белсенділік танытуда.

Аймақта алдағы екі жылда 7 бірдей жатақхана пайдалануға берілмек. Оның алтауы Ақтауда, біреуі Жаңаөзен қаласында салынып жатыр. 2 600 орынға арналған бұл нысандар облыстағы жатақханаға деген сұранысты толық жаппақ.

Ақтаудағы Өнер колледжінің студенттері бақытты бал дәуреннің қайталанбас сәттерін бірге өткізіп келеді. Жақында оларға жатақхана беріліп, арманы мен мақсаты бір достардың басы бір үйге тоғысты. Болашақ домбырашы Қайсар Майлыбай: «Оқу орнын бітірер жылы студенттік өмірдің қызығын достарыммен бірге өткізетін болдым», – деп қуанып отыр. Бастысы пәтер жалдау машақатынан біржола құтылды.

Қайсар Майлыбай, студент:

- Жатақханада курстастарымызбен бірге тұратын болдық. Соған қуаныштымыз. Студент болған соң жатақхана өмірін көрген дұрыс деп ойлаймын.

Жаңа жатақханадағы жайлы төсек Атырау облысының Құлсары қаласынан келген Айзада Нұрланға да бұйырыпты. Ол үш жыл бойы құрбыларымен бірге пәтер жалдап келген. Бес қыз бір бөлмелі пәтер үшін айына 100 мың теңгеден төлепті.

Айзада Нұрлан, студент:

- Бізде үйде екі студент бар. Апам да оқып жатыр. Ата-анама екі студентті оқыту қиын болды. Енді жатақхана берген соң менің жағдайым жеңілдене бастады.

Қазір аймақта 2 мыңға жуық студент жатақханаға зәру. Оның жартысы жоғары оқу орнының студенттері, қалғаны техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жатқан жастар. Өзге өңірлерден келген студенттердің көбі туыстарын паналап, енді бірі пәтер жағалауға мәжбүр. Облыста соңғы 6 жылда бірде бір жатақхана салынбаған. Жергілікті билік Жастар жылына орай осы олқылықтың орнын толтырмақшы. Биыл республикалық қазына қаржысына салынған 3 жатақхана ашылады.

Асқар Сейдалиев, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Ең алғашқы 250 орындық Өнер колледжінің студенттеріне жатақхана ашу жоспарлануда. Сонымен қатар 300 орындық Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенттеріне де ашу көзделіп отыр және 160 орындық Маңғыстау туризм колледжінің студенттеріне де жатақхана береміз. Сонда біз 710 студентке осы жылы жатақханадан орын алып береміз.

Жатақхана мәселесін шешуге аймақтағы жеке кәсіпкерлер де атсалыспақ. Демеушілердің көмегімен 500 колледж студентіне 2 жатақхана салынатын болды. Ал жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастар үшін келер жылы тағы қос студенттер үйі тұрғызылады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Сондай-ақ...