Хабар телеарнасы

Биыл Құрық порты арқылы 2,5 миллион тонна жүк тасымалданады

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға көп. Екі жыл бұрын іске қосылған қазақтың екінші теңіз порты бүгінде еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда. Бүгінде айлақтан тек Қазақстанның ғана емес, Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауарлары Еуропаға тасымалданып жатыр.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Солтүстік облыстардан жеткен 28 вагон астық, Қытайдан әкелінген 4 вагон мата мен 8 вагон томат пастасы енді бірер сағатта кемелерге тиеліп, Әзербайжан астанасы Бакуге аттанады. Жолдың ұзақтығы 18 сағат. Әрі қарай Еуропа нарығына шығарылады.

Қазір портта екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сыйып кететін төрт бірдей алып кемені қабылдап-жөнелте алады. Вагондар көпірден өтіп, лифт арқылы кемеге тиеледі. Былтыр осы паромдық кешені арқылы 210 кемеге жүк артылған. Құрық портында теміржолдан өзге қуатты автомобиль айлағы бар. Ол жылына 20 мың көлікті қабылдауға қауқарлы.

Талғат Оспанов, Құрық теңіз порты директорының орынбасары:

- 2018 жыл бізге Құрық портына өте жақсы жыл болды деуге болады. Елбасының қатысуымен Құрық портында автомобиль құрамы ашылды. Көптеген шетелден, осы Каспий теңізіндегі Әзербайжан, Түрікменстан, Ресейден әріптестеріміз келіп, бәрі оң бағасын беріп жатыр. Олар Құрық портының ашылу салтанатына қатысты. 2018 жылы тасымал көлемі 2017 жылға қарағанда 10%-ға көп болды. Ол 1 млн 610 мың тонна. Осы портта бір жылда 453 кемені өңдедік.

Елімізде екінші теңіз портының іске қосылуы аймақтағы әлеуметтік мәселенің шешілуіне де жол ашты. Қазір жаңа портта 300-дей адам еңбек етуде. Жұмысшыларға арнап 120 адамға жатақхана тұрғызылды. 25 жастағы Азат Арықбаев – үш тілді еркін меңгерген білікті маман. Ол порттағы халықаралық талапқа сай жабдықталған қызмет көрсету орталығында еңбек етеді. Жақын жердегі жатақханада тұрады. Жұмыс пен баспана мәселесі шешілген жас маман жақында отау құрып, отбасылы болыпты.

Азат Балықбаев, экспедиторлық бөлімінің маманы:

- 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс жасап келе жатырмын. Экспедиторлық бөлімінің маманы боламын. Осында жолаушылар мен жүргізушілердің құжаттарын рәсімдейміз. Бүкіл жұмыс автоматты түрде жүргізіледі. Осындай таза әрі әдемі ғимаратта отырамыз.

Құрық порты – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды бөлігі. Әзірге тек Әзербайжан порттарымен әріптестік орнатқан порт басшылары алдағы уақытта өзге порттармен де байланысты арттыруды көздеп отыр. Жыл соңына қарай Иран мен Түрікменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды. Осылайша жылдық қуаты 6 млн тоннаны құрайтын Құрық порты келер жылдары толық күшінде жұмысын бастамақ.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев