Хабар телеарнасы

Үйі бар азаматтар да «7-20-25» бағдарламасына қатысуы мүмкін

Бағдарлама қабылданғалы 4 мыңнан астам өтініш мақұлданған. Тағы қандай игі істер жүзеге асуда?

«Бес әлеуметтік бастаманың» алғашқысы – әрбір қазақстандықтың баспаналы болуы. Былтыр «7-20-25» бағдарламасы қабылданғалы 52 млрд теңгеге 4 350 өтініш мақұлданған. Енді үй алу одан да қолжетімді болмақ. Бүгін ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев үйі бар азаматтарға да осы бағдарламаға қатысу құқығы берілуі мүмкін екенін айтты.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы салымшылар мен кезекте тұрғандарға және барлақ азаматқа «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздар арқылы сатылуы мүмкін.

Бұдан бөлек қазір бастапқы жарнаны субсидиялау енгізілді. Астана әкімдігі 1 млн теңгеге бастапқы жарнаны субсидиялау үшін мұғалімдерге, дәрігерлерге мен полиция қызметкерлеріне 100 сертификат берді. Екінші бастама – жалақысы төмен азаматтарды салықтан босату. Биылдан бастап еліміздегі 2 млн-ға жуық жұмысшының салық жүктемесі 10 есе азайды.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:

- Салық кодексінде жалақысы төмен азаматтар үшін тәртіп өзгерді. Олардың салық жүктемесі 10 есе төмендетілді және 2 млн-ға жуық жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады.

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Елбасының гранттар бөлу тапсырмасы толық орындалғандығын айтты.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- 2018 жылы бөлінген 20 мың грант бойынша балалар оқып жатыр. Елдегі гранттардың жалпы жыл сайын бөлінетін саны 69 мыңға жетті. Жатақханаларда жаңа орындарды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. 2019 жылы 5 мың орынды енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 3,5 ай ішінде бізге 11 мыңнан астам орынға 20 өтініш келіп түсті, 6 500 орынға 12 шарт жасалды.

«Бес әлеуметтік бастаманың» төртіншісі – өз-өзін жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жүрген азаматтарға табыс табу үшін шағын несие беру. Былтыр 59,5 млрд теңге несие игерілген. Оның 45 млрд-ды ауылдық жерлерде. Осылайша 1 686 адам кәсіпкерлікпен айналысып, қосымша 12 613 жұмыс орны ашылған. Ал ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астанаға тартылатын Сарыарқа газ магистралінің дәнекерлеу жұмыстары 21 наурызда басталатынын мәлімдеді. Құбырға гидросынақ жүргізу арқылы желілік бөліктерін аяқтау жылдың соңына қарай белгіленеді.

Авторлары: Айбар Төлжанұл, Қанат Әбілдин