Хабар телеарнасы

«Ұлы даланың жеті қыры»: Атқа міну мәдениетін дамыту

Ал қазақ ат десе, ішкен асын жерге қояды. Тіпті жылқының дүбірінен делебе қозып, Алаштың жұрты алқынып, айқайға басып тұрады. Енді ат жалын тартып мінетін балалардың саны Ақтөбеде де көбейеді.

Қаңтардың қытымыр аязында қамшыгерлер сай-саланы жағалап тобылғы кесуге кіріседі. Осы күндері даярланған қамшының сабы су мен ыстыққа төзімді әрі тығыз келеді. Шайқаста ердің бағын ашып, қас жаудан құтқарып алар сенімді серігінің бірін жасаудың өзіндік қыр-сыры бар.

Мұхтар Төреханов, №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің маманы:

- Қисық болса, шамалы май жағасың. Сосын тезектің шоғына жоғары ұстап, шамалыдан кейін алып шығып, қалай майыстырасың, солай түзеледі. Әркім өзінің ыңғайына қарап тобылғыны қамшыға дайындайды. Біреулер төртеу қылады, біреулер бесеу қылады. Ыңғайына қарайды.

Спорт мектебінде жануарлардың жай-күйіне жауапты Мұхтар Төреханов – ат әбзелдерін жасаудың хас шебері. Бірақ оның қолынан шыққан бұйымдарды қымбат дүкендерден таппайсыз. Себебі қамшы мен ер-тұрманды естелікке емес, күнделікті қолдануға ыңғайлы етіп жасайды.

Ақтөбе қалалық Ұлттық спорт түрлері мектебінде қазір 400 бүлдіршін тәлім алады. Жақын күндері олардың саны бірнеше есе артуы тиіс. Себебі жаттығу орталығы облыстық дәрежеге ие болды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Ел арасында бәйге алатын сәйгүліктерді баптау кең тараған болса, енді облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған Ұлттық спорт түрлері мектебінің мамандары енді теңге алатын және де көкпарға машықтанған дәл осындай қазанаттарды баптауды үйрететін болады.

Көрсеткіштер де жоқ емес. Мектеп бапкерлері қолынан 4 Қазақстан чемпионы, 3 Азия чемпионы шыққан.

Абат Аймағамбетов, №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары:

- Біздегі Ержанов Шыңғысхан, Азамат Серғазин, Сағынбаев Арман деген балаларымыз Азия чемпионатына қатысып, жүлделі бірінші орын алып чемпион атанды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.

Ұлы дала төрінде тарихы тереңде жатқан атқа міну мәдениеті бүгінде спорт пен салт-дәстүрден бөлек, дертке шипа екені де дәлелденген. Сондықтан көкпар мен аударыспақ, теңге ілу мен жамбы атуды жандандырып жүрген орталықта иппотерапия курсы да өтеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков