Хабар телеарнасы

Денис Теннің өліміне қатысты сот ісі бойынша үкім шығарылды

Жалпы бұл іс бойынша тергеу амалдары барысында 38 томдық құжат жиналды.

Алмас Садуақас, тілші:

- Күрмеуі қиын бұл сот отырысы екі жетіге созылды. Осы уақыт аралығында бірталай куәгер мен айыпталушы сұрақ-жауапқа алынды. Ал 3 күн бұрын сотталушы Нұралы Қиясов Денис Тенді пышақтағанын мойындады. Мұны тергеу барысындағы деректер де растап отыр. Ол өз кінәсін толық мойындағанымен бұл қылмыстың алдын ала жоспарланбағандығын айтты. Ал кеше тараптардың уәжін тыңдау барысында айыптаушылар Қиясов пен Құдайбергеновті 20 жылға, ал осы іске қатысы бар Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандықтарынан айыруды сұрады. Ал бүгін судья Кеңішлік Әбілдинов сотталушыларға үкім шығарды.

Осылайша Құдайбергенов пен Қиясовқа ҚР Қылмыстық Кодексінің бірнеше бабы бойынша әрқайсысына 18 жыл, ал Жанар Толыбаеваға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Толыбаеваның адвокаты бұл шешімді аппеляцияға жолдайтындығын мәлімдеді. Дегенмен үкім заңды күшіне енген жоқ. Сондай-ақ Толыбаеваның аяғы ауыр екендігін ескерте кетейік. Енді сотталушылар сот үкімін аппеляцияға жолдауға құқылы.