Хабар телеарнасы

Ел ішінде ұшақпен қатынау арзандайды

Туристік орындар да назардан тыс қалмайды. Алдағы жаз айында еліміздің кез келген тұрғыны жайлы әрі арзан бағамен Балқаш, Алакөл мен Баянауылға саяхаттай алады. Себебі мемлекет тарапынан бірнеше әуе компаниясына субсидия бөлінеді.

Небәрі төрт мың теңге. Бұл – Өскемен мен Семей арасындағы ұшақ билетінің шекті бағасы. Биыл мемлекет 56 ішкі әуе рейстің 16-сына субсидия бөлуді көздеп отыр. Нәтижесінде елордамен облыс орталықтары, сондай-ақ қалааралық қатынастарға жол ашылмақ.

Азамат Нағайбай, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің бас сарапшысы:

- «Астана – Алматы», «Астана – Балқаш» және жергілікті орындардың өздерінің ұшатын бағыттары бар. Зайсанмен, Үржармен, Семей қалаларына қосу. Олардың тарифтері 4-10 мың теңге арасында. Республикалық бюджеттен 10 мыңнан жоғары қарай болады.

Елімізде алғаш рет әуе рейстері 2002 жылы субсидияланды. Содан бері бұл дәстүр жалғасып келеді. Нәтижесінде өңіраралық бірнеше бағыт ашылды. Мәселен, былтыр қазақстандық әуекомпаниялар 8 млн адамды тасымалдаған екен.

Азамат Нағайбай, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің бас сарапшысы:

- Төменгі тарифтен бастап біртіндеп өсіре келе, мемлекеттің қаржысына ауыртпалық тигізбеу үшін коммерцияға шығару. Бұл – субсидияның басты мақсаты. Бұл тәжірибе дамыған елдерден алынған. АҚШ, Канада, Аустралия осы тәсілді қолданған.

Сондай-ақ биыл тарифтері екі есе арзан әуе компаниясы өз қызметін бастайды. Енді Астанадан Алматыға ұшу үшін азырақ ақша төлейсіз. Ең бастысы жаңа ұшақпен. Бұл бюджеттік компания тікелей Елбасы бастамасымен құрылды.

Жанар Жайлауова, Компанияның cату және маркетинг жөніндегі департамент директоры:

- Біз зерттеу жүргізіп, нәтижесінде халықтың тек 10%-ы ел ішінде әуе көлігін пайдаланады деген байламға келдік. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның ішкі нарығын ынталандыру. Сондай-ақ әр адам өзінің әлеуметтік жағдайына қарамастан ұшақпен саяхаттау мүмкіндік алу керек. Қазір салыстырмалы түрде сараптама жасаудамыз. Әрине, жолаушылардың өзге де транспорт түрін таңдауға құқы бар екендігін ескеретін болсақ, біздің баға бәсекеге қабілетті.

Әуе компаниясы 2022 жылдың соңына қарай ұшақ санын 15-ке дейін жеткізуді көздейді. Әуелі отандық лоукостер ішкі рейстерді орындайды. Болашақта сұранысқа ие шетел қалаларына да ұшпақ. Ал Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, биыл 6 субсидияланған рейс, Астана мен Алматыдан, Алакөл мен Балқашқа бағыт алмақ. Ал жазда Баянауылға да саяхаттауға болады.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Әлібек Әлиев