Хабар телеарнасы

Атыраудағы балықтың қырылу себептері анықталып жатыр

Бүгінге дейін өзен арнасы мен бекіре өсіру зауытынан 63 тонна балық жиналды. Қазір өзенге мұз қатып қалғандықтан бұл жұмыстарды жалғастыру мүмкін болмай тұр.

Балықтардың қырылуына қатысты аймақта салааралық комиссия құрылып, екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Әзірге Жайық өзенінде 5,5 тоннаға жуық қара балық және шабақ өсіру зауыты мен тауарлы бекіре өсіру зауытында 57 тоннадан астам бекіре қырылды. Балықтың зиянды химиялық қосындылардан уланғанын құзырлы орган өкілдері растады. Ал мұздың көбесі сөгілісімен Жайық өзені өлген балықтан тазартылады.

Қадырбек Исқалиев, ҚР АШМ, Балық ресурсының өсімін молайту және аква өсіру басқармасының басшысы:

- ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің зертханалық сараптама қорытындысына сәйкес, балықтардың қырылуына өзен суының құрамында аммиактың шамадан тыс артуы себеп болғандығы анықталды. Өйткені сол кезеңде Жайық өзеніндегі су құрамында хлоридтердің қалыпты көлемі шамадан тыс артқан.

Артур Сәдібеков, Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Біздер іс-шара дайындап қойдық. Мұз ерігеннен кейін бірден қаладағы мүмкіндіктерімізді жұмылдырып, Жайықта өлген балықтардың бәрін жинап аламыз. Мұз еріген соң жалғастырамыз да, соңғы балық қалғанша жұмыстарымызды жүргіземіз.