Хабар телеарнасы

Алматы мен Ыстамбұл және Бендер-Аббастың арасы тікелей көлік дәлізімен жалғанады

Ал «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы коммерциялық негізде жұмыс істеп, ел қазынасын молайтпақ. Ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері таяуда Ташкентте бас қосып, энергетика, көлік және сауда саласында күш біріктіретін болып келісті. Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Түрікменстан, Пәкістан және Түркия өзара экономикалық блок қалыптастыруы мүмкін. Соңғысымен тікелей көлік дәлізін құру - негізгі міндет. Осыдан бірнеше жыл бұрын салынған Қазақстан, Түрікменстан және Иран арасындағы теміржол енді елеулі маңызға ие болады. Дәліздің жүк өткізу қабілеттілігін жылына 10 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі көрсеткіш 130 мыңға шамалас. 

Хусрав Нозири, экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы:
- Мемлекеттер арасында өткізу пункттері көбейеді. Жүк тасымалының көлемі артады. Алматыдан Ыстамбұл және Бендер-Аббасқа дейін теміржол және автокөлік дәліздері пайда болады. Бұған қоса Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі бастама да тараптар қол қойған Ташкент коммуникесінде көрініс тапты.