Хабар телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Алматыда 1649 кәсіпкер өтемақы алды

Қаңтар оқиғасы кезінде бұзақылар ғимаратты өртеп жібереді. Оған қоса тауар тұрған қоймасы да түгелдей жанып кеткен. Кәсіпкер 30 млн теңгеден астам шығынға батады. Бәрін қайта бастауына тура келді. Алғашында дүние-мүліктің шығынын мемлекет өтеп береді дегенге мүлдем сенбеген. Бірақ есепші керекті құжаттарды әкімдікке өткізіп, бір ай өтпей жатып қаражат есепшотына түскен.

Шамиль Гумаров, компания директоры: 
- Мен кеңсеге 7 қаңтарда бардым. Барлығын қиратып, алғанын алып, қалғанын өртеп кетіпті. Абырой болғанда бағдарламашы жаңа жылдың алдында серверді жөндеймін деп үйіне алып кеткен. Соның нәтижесінде база, құжаттарымыз сақталып қалды. Адамдардың бойындағы құнды қасиеттерді сол кезде анық байқадым. Дос-жаран, тұтынушыларымыздан өзге, тіпті танымайтын жандардың өздері көмегін ұсынды. Соның арқасында бәрін қалпына келтірдік.

Шамиль Гумаров басқаратын компания энергетика саласы мен интернет провайдер жүйесіне қажетті заттарды шығарумен және оны құрастырумен айналысады. Қазақстан нарығында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. «Бұл оқиға қызметкерлеріміздің бірлігін бекемдей түсті», – дейді кәсіпкер. 

Шамиль Гумаров, компания директоры: 
- Осылай аяққа қайта тік тұрғанымыз, менің ғана емес, бүкіл команданың еңбегі. Біз көп емеспіз. 10 шақты ғана адамбыз. Бірақ әрқайсының еңбегі ерен. Міне, көріп тұрсыздар жұмыс істеп жатырмыз. Сұраныс бар. Тұтынушылар келіп жатыр.

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда бизнеске өтемақы айқындау жөніндегі аймақтық комиссия құрылып, жұмыс істеді. Оның құрамына мемлекеттік орган қызметкерлері ғана емес, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері кірді.

Қайрат Нұрқасымов, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары: 
- Сол кезде қаңтардың басында ғой, көп кәсіпкерлер мемлекет өз тарапынан көмек көрсетеді, төлеп береді дегенге сенген жоқ. Алматы қаласы бойынша бүгінгі таңда 1649 өтінім қаралды. Толықтай төленіп 16 млрд 194 млн толықтай төленді. Қазіргі таңдай ешқандай өтінімдер жоқ. Толықтай бүкіл өтінімдер қаралды.

Нәтижесінде зардап шеккен іскер азаматтардың барлығы Шамиль Гумаров сияқты жұмысын қайта бастауға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда ол кәсіпкерлерде жұмысын жолға қойып, ел экономикасына үлесін қосып келеді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев, Мұхит Құдықбаев