11:00Эфирде: Кино «Ең сұлу»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Бюджет тиімсіз жоспарланады – Есеп комитеті

Бюджет тиімсіз жоспарланады – Есеп комитеті

Өткен жылдың бюджетін толық игермегендердің көшін Қаржы министрлігі бастап тұр.

26 млрд теңгедей қаржы жұмсалмаған. Мақсатты трансферттер бойынша жергілікті атқарушы органдар 91 млрд теңгеден астам ақшаны игермеген. Парламент палаталарының бірлескен отырысында қазына қаржысының атқарылуы бойынша Үкімет пен Есеп комитеті есеп берді.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Әдетте шамына тиіп, шымбайына батырып, министрлердің қызметіне талай сын айтылғанымен, қай құжат, жобаны болмасын ақыр соңында депутаттардың бірі қалмай қолдап дауыс беретін. 12 депутат Үкіметтің былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы есебін қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Айта кетейік, бірлескен отырысқа Мәжілістің 98, Сенаттың 40-тан астам депутаты қатысты.

Дауыс бергендер қанша болса, жақтағандар да сонша болатынына көз үйреніп қалған. 12 депутат келіспеді. Солардың бірі Берік Дүйсенбинов бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша Парламенттік тергеу жүргізу құқығын беруді сұрап отыр. Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады. «Келешегі кемел» деп қыруар қаржы бөлініп, қабылданған қаншама жобаның бүгінде болашағы бұлыңғыр болып шыға келді.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ақтауда iPad шығарамыз дедік, ол қалды. Автокөліктеріміз арзан болады дедік, автоқұрылыс қазір қаңырап бос тұр, адамдардың бәрі қашып жүр, жартысы түрмеде жатыр. Бізге осындай модель керек пе еді, бізге жасырмай айту керек. Экономикалық аймақтар бізге табыс әкеледі, жұмыс орындарын ашады, көл-көсір пайда әкеледі деді, экономикалық аймақтардың алатын үлесі 0,1%. Қаншама қаржы құйылды.

Бар гәп тиімсіз жоспарлауда. Үкіметке үкілеп әкелінген талай бағдарлама терең сараптамасыз, стратегиялық зерттеусіз қабылданып, ақша бөлінеді. Салдарынан бюджет ақшасы жетпей, Ұлттық қорға қол салынады. Былтыр Ұлттық қордың 4,5 трлн теңгесі жұмсалған. 2015 жылдан бері 72 млрд теңге ақша қорға қайтарылмаған. Есеп комитеті көп ойланып, үшжылдық бюджеттен бас тартып, біржылдық жоспарлауға көшуді ұсынды.

Наталья Годунова, ҚР Есеп комитетінің төрағасы:

- Бұл жүйеге биыл да, келесі жылы да көшіп үлгермейміз. Әзірге бұл менің ұсынысым ғана. Қазір оны Үкімет талқылауы керек. Бүгінгі құбылмалы жағдайды ескеріп, жоғарғы аудит органы ретінде біржылдық бюджет арқылы тиімсіз жоспарлауды анағұрлым азайтуды көздеп отырмыз.

«Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры биыл мемлекетке 170 млрд теңге дивиденд төлемекші. Бірақ «Қазақстан халық партиясынан» сайланған Мәжіліс депутаттары түсім бұдан әлдеқайда көп деп отыр. Депутаттар тіпті «Самұрықтың» 100% акциясын халыққа беруді талап етіп, жекешелендіруді қайта қарауды ұсынды. Бұдан бөлек, бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 35% қана. «Бұл – ақылға сыйымсыз», – дейді сенаторлар. Салдарынан жұмыссыздық өсті. 

Динар Нүкетаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жұмыссыздық 4,9% болып отыр. Ал Есеп комитетінің ақпаратына сүйенсек, ол 15% дейін жетеді. Ал ресми мәлімет бойынша ­4,9% – жұмыссыздық. Сондықтан жұмыссыздықты азайту бағдарламаларын жандандыру 2-4 айға ғана емес, алты айдан әрі қарай уақытқа жұмыс орындарын ашу туралы мәселелерді айттық.

Үкімет тауар бағасын қымбаттатпау үшін 100 млрд теңге қаржы бөлген. Оның 81 млрд теңгесі сауда желілеріне жеңілдетілген несие беруге жұмсалса, 16,8 млрд теңге тұрақтандыру қорына арналған. Бірақ нәтиже жоқ. Баға бәрібір өсті. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов одан да ол ақшаны кедей-кепшікке бөліп берейік деген ой тастады.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде 1 млн-ға жуық кедей бар. Бәрінен бұрын мұқтаж болып отырғандар солар. Егер баға өсімін тежей алмасаңыздар, халықтың өзіне тікелей қолдау көрсетіңіздер, әлеуметтік тұрғыдан нашар қорғалғандарға субсидия беріңіздер. Сауда желілеріне таратқанша, соларға берсеңіздер пайдасы көбірек боларына сенімдімін.

Қазақстан – ­мұнайлы ел ғана емес, аграрлы мемлекет. Бірақ бидайдың өнімділігі соңғы 15 жылда тек 15% ғана өскен. «Бұл – ғылымның кенже қалуынан», – дейді Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Шикізат экономикасынан инновациялық экономикаға ауысуымыз керек. Жалпы Үкімет өзінің жұмысын да өзгерту керек. Жас жігіттер, жаңа мамандар келді, ол дұрыс. Жаңа тұлғалар болуы керек, дарынды, талантты жастар емес, тәжірибесі бар жастар болуы керек. Кейде бізге Парламентке келгенде бір сұрақ қоя алмайсың. Сұрақ қоюға өзің ұяласың, онсыз салаларды басқару оңай емес.

Әрине, геосаяси ахуалдың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі мен санкциялық текетірес жағдайында Үкіметке оңай тиіп жатқан жоқ. Десе де әлеуметтік проблемалардың салдарымен ғана күреспей, себебін анықтау қажет. Әзірге Үкімет от шыққанда ғана жанталасатын өрт сөндірушілер секілді. Парламентарийлер отырысты осылай деп түйіндеді.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Асхат Қарақойшиев

Сондай-ақ...