Хабар телеарнасы

Отандық кәсіпкерлер Halyk Bank басшылығымен кездесті

Кездесуге келген кәсіпкерлер көкейіндегі сауалын банк басшысына тікелей қойды.

Қазіргі күні еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларын өндіретін отандық кәсіпорындардың дені – Halyk Bank тұрақты клиенттері. Өйткені экономиканың нақты секторын несиелеуде банктің рөлі зор. Аталған секторды несиелеу көлемі 9,6 трлн теңге болса, оның шамамен 5 триллионы «Халық банкке» тиесілі.

Үміт Шаяхметова, «Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы:

- Кәсіпкерлер тарапынан өте көп сұрақтар келіп түсті. «Оларды инфляцияның өсуі, базалық көрсеткіштер, санкция жағдайында бизнесті қалай аяқтан тұрғызуға болады?» дейтін сұрақтар мазалайды. Қазіргі сын-қатерлер біз үшін үлкен мүмкіндіктер кезеңі деп айтар едім. Өйткені біздің бизнес үшін жаңа өндіріс орындарын ашуға қолайлы кезең. Мысалы, Ресей нарығынан келетін импорттың орнын алмастыруға болады. Бұл үшін кәсіпкерлер тарапынан белсенділік пен тәуекелшілдік қажет. Ал мемлекет пен банк әрдайым қолдау көрсетуге дайын.  

Банк дағдарыс жылдарында да, пандемия уақытында да несиелеу бағдарламасын тоқтатқан жоқ. Кәсіпкерлерге ұдайы қолдау көрсетіп келеді.

Зәуреш Ауғамбаева, кәсіпкер:

- «Халық банкпен» 2019 жылдан бастап жұмыс істейміз. «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша 6% мөлшерлемемен несие алып, өндіретін өнімдердің тізімін кеңейттік. Кәсібімізді одан әрі дамытуға арналған жаңа жобаларымыз бар. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істейміз деп ойлаймыз.

Диалог форматындағы кездесуде отандық кәсіпкерлер көкейіндегі сауалдарына толық жауап алды.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов