Хабар телеарнасы

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы агломерация өндірісіндегі сүзгілерді жаппай ауыстыруда

Қазір «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы агломерация өндірісіндегі сүзгілерді жаппай ауыстырып жатыр. Мамандардың айтуынша, қара металлургияда дәл осы цех ауаны барынша көп ластайды екен.

Комбинаттағы 5-ші агломашинаға жуырда заманауи электросүзгі орнатылды. Соның нәтижесінде қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар мөлшері әр текше метріне 200-ден 50 милиграммға дейін азайған. Толық өндірістік қуатына шыққан кезде тағы кемиді деген болжам бар.

Мәдина Қуантаева, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Экология жөніндегі директоры:

- Былтыр екінші жартыжылдықта біз дәл осы нысанда зиянды қалдықтардың 500 тоннаға азайғанын байқадық. Бұған дейін мұнда мультициклонды тазалау қондырғысы тұрған. Бірақ ол лайықты деңгейде жұмыс істемеді, шаң-тозаңның таралу көрсеткіші жоғары болды. Сондықтан қазір өте мықты, заманауи сүзгіні орнаттық.

Келесі кезеңде 6-шы және 7-ші агломерациялық машиналарға гибридті сүзгі орнату жоспарда. Оның ерекшелігі ­– қуат көзін үнемдейді, әрі газды жоғары дәрежеде тазартады. Жоба жүзеге асқан кезде шаң-тозаңның таралуы әр текше метріне 10-15 миллиграммаға дейін төмендейді.

Аруп Мохапара, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Жоба бойынша менеджері:

- Эмиссияны азайту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады. 50-ден 30 миллиграммға дейін. Сосын 15-тен 10 миллиграммаға дейін. Бұл көрсеткіш экология кодексіндегі талаптардан да төмен. Бізде сүзгілерді орнататын мамандар бар және оған қаржылай мүмкіндігіміз жеткілікті.

Қазір комбинат аумағында тазарту қондырғысын орнататын арнайы орын дайындалып жатыр. Ескісі бұзылады. Экология департаментімен келісім жұмыстары аяқталған соң құрылыс басталады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игликов