Хабар телеарнасы

«Самұрық-Қазына» қорының қарызы 7,5 трлн теңгеден асады

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов өз сауалын Үкіметке жолдады. «Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі реформалау – Президент тапсырмасы. «Қор басшылығы асығыс шешімдер қабылдап жатыр», - деді депутат.

Ол қорды жаңғырту бойынша жоспарлы кешенді жұмыс жалғастырылуы тиіс деп санайды. «Самұрық-Қазына» қорынан мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтер мөлшері тым аз. Сол себепті депутат қордың бейінді және бейінді емес активтеріне кешенді аудит жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ Аманжан Жамалов қордың байлығын халыққа таратып беруге қатысты пікірін білдірді.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы күні қордағы қаржыны әрбір адамға үлестіріп беру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Бір қарағанда, жақсы идея. Бірақ есептей келе, «Самұрық-Қазына» қорының қазіргі қаржылық жағдайындағы мұндай үлестен түсетін табыс айына бір адамға небәрі 500 теңгені құрайды. Сол себепті шу көтергенше, қордың неліктен бұлай тиімсіз болып қалғанын жіті зерттеу керек.