Хабар телеарнасы

Қазақстан Ұлттық банкі: бүлінген банкноттарды айырбастауға болады

Себебі оны өзінің құнына сәйкес басқа банкнотқа айырбастауға болады. Еліміздің Ұлттық банкі биыл осы бағытта атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады.

Көбіміз мән берейміз, тіпті ойламауымыз да мүмкін, дегенмен айналымда қолдан-қолға өтіп жүрген ақшаның белгілі бөлігі тозады. Бірі өзінің өңін жоғалтса, енді бірі отқа жанады немесе жыртылады. Жыл басынан бері Қазақстан Ұлттық Банкі осындай 3079 банкнот пен монетаны қабылдап, 2542 банкнотты айырбастап берді. Жалпы бұл мүмкіндікті пайдаланғандар баршылық.

Асқат Мұқамадиев, ҚР ҰБ банкноттар мен монеталарды сараптамадан өткізу басқармасының бастығы:

- Егер банкнот өз көлемінің кемінде 70%-тін сақтаған болса, онда екінші деңгейлі банктерде, Қазақстан Ұлттық банкінің филиалдарында және «Қазпоштада» айырбастап алуға болады.

Осы айтылған талаптарды орындай отырып бүлінген банкнотты банкке өткізсеңіз, ол жаңа ақшаға айырбасталады. Бір ғана шарт бар – мамандар оны тексеріп, ақшаның шынайлығына көз жеткізуі керек. Ол белгілі уақытты қажет етеді. Бірақ Ұлттық банкте жасалатын сараптама тегін орындалады.

Асқат Мұқамадиев, ҚР ҰБ банкноттар мен монеталарды сараптамадан өткізу басқармасының бастығы:

- Айта кетейік, ЕДБ өздерінің ішкі нормативтік құжаттарына сай қызмет көрсеткені үшін комиссиялық төлем алуға құқылы.

Ұлттық банкке қарасты аумақтық филиалдардың мекен-жайына қатысты ақпарат оның ресми сайтында көрсетілген. Ол жерде банкпен байланысу үшін телефон нөмірлері де қоса берілген.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы