Хабар телеарнасы

Отандық экономикада инфляция жоғары деңгейде сақталып отыр – Ұлттық банк төрағасы

Бұл жиын еліміздегі қаржы саласындағы маңызды мәселелерді талқылауға арналған. Ұлттық валюта күніне орайластырылған шара онлайн форматта ұйымдастырылды. Конгреске қатысушылар қаржы саласындағы бәсекелестік пен экономиканы қолдау мәселелерін талқылады.

Әлемдік экономика пандемияға байланысты соңғы екі жылда үлкен дағдарысқа тап болды. Мұндай қиындық елімізді де айналып өткен жоқ.  Сондықтан отандық қаржы саласы дер кезінде әрекет етіп, Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты жоспарын бекітті. Ол, нақтырақ айтсақ, қаржы секторын дамыту, оның институционалдық және операциялық негізін күшейту және экономиканы әртараптандыру сияқты негізгі мақсаттардан тұрады.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Күш-жігерімізді біріктірудің арқасында алғашқы нәтижеге жете бастадық. Атап айтқанда, азық-түлік бағасының жылдық инфляциясы 11,5 %-тен 11,3%-ке дейін баяулауы аясында соңғы алты айда алғаш рет өсуді тоқтатты. Үкімет отырысында айтып өткенімдей, қазанда жылдық инфляция қарқындаған өңірлер саны 13-тен 7-ге дейін төмендеді.

«Дегенмен отандық экономикада инфляция жоғары деңгейде сақталып отыр», - деді Ұлттық банк басшысы. Бұл азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланысты. Инфляцияның одан өзге тағы екі себебі бар. Оның бірі  – азық-түліктен өзге тауарларға қатысты болса, екіншісі – ақылы қызмет көрсету саласына байланысты.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

- Қазақстан экономикасының қалпына келу процесі белсенді жүріп жатыр. Соның нәтижесінде, үй шаруашылықтарының номиналды, сол сияқты нақты ақшалай кірісі ұлғайып, кредиттеудің өсуі мен фискалды ынталандырудың жалғасуы аясында халықтың тұтынушылық белсенділігі артады.

Қаржыгерлер айтқан қағидалар жүзеге асса, Ұлттық қордың активтері сақталып, көлемі де арта түсуі мүмкін. Инфляцияға әсер еткен тағы бір фактор – дағдарыс кезеңіндегі қаржылық ынталандыру. Сондықтан инфляциялық қысымды төмендету үшін макроэкономикалық саясатты үйлестіру өте маңызды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев