Хабар телеарнасы

Швейцария Қазақстан экономикасына 30 млрд доллар инвестиция құйды

Швейцария Конфедерациясы – Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі әрі ең ірі инвесторлардың бірі. Атап айтқанда, бүгінге дейін біздің экономикамызға 30 миллиард доллар қаражат тартылған. Швейцария капиталының қатысуымен 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы былтырғы дағдарыстың өзінде 1,7 миллиард долларға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі ел арасындағы қарым-қатынас достық пен өзара сенімге негізделген. Бүгінгі кездесуді Швейцария Президенті Ги Пармеланмен бейне-байланыс арқылы өткен жуырдағы келіссөздің конструктивті жалғасы ретінде қарастырамын. Біз сауда байланыстарымызды, инвестициялық ынтымақтастығымызды нығайтуға уағдаластық. Қазақстан сіздерден тікелей инвестиция тарту үшін еліміздегі инвестициялық климаттың мейлінше қолайлы болуына барлық мүмкіндікті жасайды. Осы елдің Президенті ретінде мен жасыл технологияларды дамытуға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға көп көңіл бөлемін. Швейцарияда керемет банктер, халықаралық деңгейдегі қаржы институттары бар. Қазақстан да Швейцария сияқты бұл компаниялармен және жалпы Швейцария үкіметімен жақсы әріптес болуды жалғастырғысы келеді.