Хабар телеарнасы

ҚР Ұлттық банкі: 2006 жылы шыққан қағаз ақшаларды қайта айырбастауға болады

Бұл номиналды қабылдау және ауыстыру мерзімі осы жылдың ақпан айында аяқталған болатын. Алайда түрлі себептерге байланысты көптеген тұтынушылар бұл ескі ақшаны түгел айырбастап үлгермеген. Осыны ескерген еліміздің Ұлттық банкі халыққа тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Ол мүмкіндік – көбіміздің есімізден шыға қоймаған, бейнесі баршаға жақсы таныс 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды айырбастау құқығының қайта күшіне енуі. Ұлттық банк осы уақытқа дейін аналымда болған мұндай ақшаның басым бөлігін жинап алыпты. Қалғаны шамалы. Десе де, ол халықтың қолында сақталып тұрғаны анық.

Сәкен Тәжиев, ҚР ҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы:

- 2006 жылғы үлгідегі банкноттардың негізгі ерекшеліктері – алдыңғы жағында бейнеленген «Бәйтерек» монументі. Және де төменгі жағында ашық алақан бейнесі бар. Мына бетінде Қазақстан картасы бар.

Міне, тап осы 500, бір, екі, бес және он мың теңгелік қағаз ақшаңызды осы жылдың 12 маусымынан бастап өзге қолдануға болатын үлгіге айырбастай аласыз. Сондай-ақ енді бұл науқан қандай да бір мерзіммен шектелмеген. Азаматтардан түскен өтініші мен халықаралық тәжірибені ескеріп, осындай шешім қабылданыпты.  

Сәкен Тәжиев, ҚР ҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы:

- Егерде кейбір азаматтар осы мерзім ішінде айырбастауға үлгере алмаған жағдай болса, оларды Ұлттық банк филиалдарында мерзімі бойынша шексіз уақытта айырбастауға мүмкіндік болады.

Айта кетейік, Ұлттық Банк филиалдарының мекен-жайы мен байланыс нөмірлері банктің сайтында көрсетілген. 

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Әлібек Алиев