16:00Әрі қарай: Телесериал «Тот, кто читает мысли (Менталист)»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қазақстан Жапонияға жылқы етін экспорттау жөнінде келісім бекітті

Қазақстан Жапонияға жылқы етін экспорттау жөнінде келісім бекітті

Жапониялықтар жылқы етінен жергілікті деликатес – суши мен сашими жасамақшы.

Күншығыс еліне жылқы етінің былтыр 300 келісі, биыл 40 келісі экспортқа жөнелтілген. Десе де Ресей, Беларусь, Испанияны қоса алғанда сыртқы нарыққа бар болғаны 40 тонна жылқы еті саудаланған.

Елордадан 25 шақырым жерде орналасқан Қабанбай ауылында шаруалар жылқы өсіреді. Қазір бордақылау алаңында 400 бас жылқы бар. Малшылардың жұмысын бақылайтын Жұмағали Оразымбеков жылқы өсірудің қыр-сырын жатқа біледі. Таңғы 5-тен жем-шөбін тексеріп шығады.

Жұмағали Оразымбеков, Бордақылау алаңының жетекшісі:

- Жылқы малы деген комбайн деп бұрыннан айтылып келе жатыр ғой. Былайша айтқанда, комбайн десе комбайн. Түнімен жейді, таңға жуық сағат 4-5 шамасында бір сағаттай демалады, сосын қайтадан тамақ жеуге кіріседі.

Жылқы еркін тебіндеп қорегін өзі таба береді. Әйтсе де ен далаға жібергеннен қауіп аз емес. Үйірімен жоқ қылатын ұрылар бары белгілі. «Бордақылау алаңы болған соң, қамап, қолдан тамақтандырып ұстаудың шығыны көп», - дейді шаруалар.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Бордақылау алаңына жылқы жабағы күйінде сатып алынады, семіртуге қойылған малдарға бір күнде 20-30 келі шөп, 6-7 келі арпа, 30-40 литр су беріледі, сүйікті тамағы құнарлы жоңышқа, тіпті күнделікті тұзды да жейді.

«Қонақ келсе, ет қызарар, ет қызармаса, бет қызарар» демекші, қазақ халқы құлақтай ет жегізіп, құмандай сорпа ішкізбесе қонақ шақырмайды. «Пандемия салдарынан той-томалақ аз, сәйкесінше жылқы да аз сатылуда», - дейді шаруа қожалығындағылар. Бір жылқының құны – 450 мың теңгедей.

Дамир Жұмағұлов, технолог:

- Бір аптада 15-30 жылқыға дейін сойылады. Үштен алты тоннаға дейін ет өткізіп, аптасына 600 кг сатамыз.

Жылқы еті сиыр, қойдікімен салыстырғанда қымбат, келісі 2300 теңгедей. Жылқы аз өсіріледі деуге келмейді, одан ұлттық тағам жасалатындықтан бағалы. Қазақстандықтар 1 жылда 150 мың тоннаға жуық жылқы етін жейді. Ішкі нарық 98.6% отандық өніммен қамтамасыз етілген. Ал импорт көлемі 1.4 процент қана. Аргентина мен Уругвайдан жеткізілетін жылқы еті шұжық жасауға пайдаланылады. Қазір елімізде 3 млннан астам бас жылқы бар.

Әлихан Келесбаев, ҚР АШМ департаментінің бас сарапшысы:

- Аталық басына 100 мың теңге субсидия беріледі, асыл тұқымды аналық бастың жем-шөбін дайындауға әр басына 20 мың теңге беріледі. Несиемен лизинг беру кезінде проценттік мөлшерлеменің 10% субсидияланады, сонымен қатар азық дайындау техникасы мен құралдарын сатып алуға кеткен шығынның бір бөлігін өтеу мақсатында 25% субсидияланады.

Жылқы етін қазақтан көп ешкім жемейді. Жалпы әлемде ет жейтін елдер аз, сол себепті те экспорт көп емес. Ресей, Беларусь, аз-маз Испания алады. Таяуда Жапониямен келіссөз бекіген, жапондар суши мен сашими жасауға алып тұрмақшы.

Қызғалдақ Жұбатхан, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы:

- Былтыр Алматы облысынан 300 келі ет Жапонияға жөнелтілді. Ал биыл Ақмола облысынан 40 келісін жібердік. Жапонияға экспорттауға жылқы етін жібергісі келетін отандық компаниялар көп.

Алайда жылқы етін жиі тұтынатындар, шынымен де, некен саяқ. Негізінен қазақ халқы, Моңғолия, Франция және Жапония елдері жылқы етін жейді. Түріктер, түрікмендер, араб халықтары жылқы етін жеу дегенге үрке қарайды. Ал Америкада жылқыны жеуге сойғаны үшін тіпті қылмыстық жауапкершілік бар. Еуропада тым аз пайдаланады. Осыны ескерсек, былтыр 40 тонна ғана жылқы еті экспортталған. «Мұның өзі үлкен жетістік дейді», - ет одағындағылар.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин

Сондай-ақ...