Хабар телеарнасы

Көгалдандыру бағдарламасы көсегемізді көгерте ме?

Өкінішке қарай, өндірісті шаһарды абаттандыруға ақша жоқ. Жергілікті әкімдік қазына қаржысын өзге салаға құйған. Ал ағымдағы жылы ел аумағында жаппай көгалдандыру бағдарламасы басталмақ.

Алдағы 5 жыл ішінде елді мекендерге шамамен 15 миллион жасыл желек отырғызуға тиіспіз. Бұндай ауқымды жұмысты аз уақытта атқару мүмкін бе, абаттандыру қалай жүзеге асады? Ал Қарағанды өңірінде бұл жұмыстың жүргізілуі қалай болмақ?

Ардақ Асылханұлы, тілші:

-Бұл Қарағанды орталығындағы Гоголь көшесі. Атқарушы биліктің есебіне жүгінсек, соңғы 15 жыл ішінде бұл маңға 10 мың түп қайың отырғызылған. Оның қаншасы өсіп, жапырақ жайды. Шамамен екі жарым шақырымға созылған жол жиегіндегі ағаштарды ерінбей санап шықтық. Ал облыстағы ресми ақпаратқа қарасақ, ағаштардың жерсінуі 82 процентті құрайды екен.  

Қарағандыны көгалдандыру жұмыстары сонау 1935 жылдары басталған. Ол кезде қаланың ландшафты дизайнына арнайы басқарма жауап беретін. Ал қазір ондай мемлекеттік мекемені құру заңға қайшы. Барлығы жекеменшік компанияларға берілген.

 Ұлантай Үсенов, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша ең бірінші абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына облыс көлеміндегі мүгедектер  қауымдастығы бірінші ұтып алу керек, ал жасыл желектермен айналысатын арнайы мекемелер, лесхоздар, питомниктер, олар осыдан шектеліп қалып тұр. Сондықтан осыған ептеп өзгерістер болса, бұл бізден кішкене қолбайлаулықты тартып, жасыл желектермен тығыз айналысуға және өсуін қамтамасыз етуге септігін тигізер еді. Сондықтан осыған кішкене қолғабыс тигізсе заң жүзінде.

Қаланы көгалдандыру үшін жыл сайын тендер жарияланады. Бірақ оны жеңіп алған компания атқарған жұмысына 1 немесе 2 жыл ғана кепілдік береді. Тек биыл ғана мемлекеттік сатып алу шартына өзгеріс енгізіліп, тұқымның сапалы болуы, ағашты жеткілікті көлемде егу, жиі суарып тұру міндеттелді. Алайда ол талапты барлығы бірдей орындап отыр ма?

Роман Кислер, көгалдандырушы:

-Қыс бойы қар тазалайтындар жасыл желекті аяусыз қырады. Ақ мамықтың астында жасырынған жас өскінді байқамай, отап кетіп жатады. Мәселен, Абай көшесінің бойында көп емен ағашы өсетін. Қазір біреуі де жоқ.

Қала орталығында зәулім ғимараттардың көптеп салынуы да жасыл желектің жойылуына түрткі болып отыр. Құрылыс жобасы жасалғанда, көгалдандыру жағы ескеріле бермейді.

Ирина Игнатович, эколог:

-Құрылыс алаңындағы ағаштарды кескен компания орнына жасыл желек отырғызу керек. Бірақ олардың нәтижесін бақылау өте күрделі. Иә, есеп үшін бірнеше түп егуі мүмкін, бірақ ол жерсінді ме, оны қадағалап отырған ешкім жоқ.

Табиғат жанашырларының айтуынша, қазір әрбір қарағандылыққа 6 шаршы метр жасыл желектен келеді екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша әр адамға 21 шаршы метрден болуы тиіс. Сондықтан биыл облыс аумағындағы елді мекендерге 27 мың түп ағаш отырғызу жоспарда. Ол үшін қазынадан 172 миллион теңге қаржы бөлінген. «Ең қызығы, жаңа қабылданған бағдарламаға сәйкес, алдағы 5 жыл ішінде республика бойынша 15 миллион көшет егілу керек. Бірақ жұмысты дұрыс үйлестірмей, жеткілікті қаржы бөлінбей, бұл межеге жету мүмкін емес», – дейді мамандар. Ол үшін тиісті заңға өзгеріс енгізу қажет. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев