Хабар телеарнасы

Үкімет 2021 жылға арналған стратегиялық жоспарын ұсынды

Өткен жыл еліміз үшін күрделі болды. Экономикада өсім сақталғанымен, аса мардымды емес.

Риат Шони, тілші:

- Экономика шатқаяқтап тұрған секілді. Өйткені былтыр жалпы ішкі өнім көлемі 2,6% төмендеген. Тауарлардың өндірісі 2% өссе, қызмет көрсету саласы 5,6% төмендеген. Коронавирус пандемиясына байланысты қатаң карантиндік шаралар қолға алынып, қызмет көрсету саласының дамуына үлкен соққы жасалды. Тағы төмен көрсеткіш сауда, кен өндірісі, өнеркәсіп және көлік саласында да байқалады.

2020 жыл ауыр болғанына қарамастан, елдегі құрылыс қарқыны бәсеңдемеген. Өйткені бұл саладағы өсім 11,2% құрайды. 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Биыл Үкімет халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 17 млн шаршы метр баспана тұрғызуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2,2 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылмақ.

Технология қарыштап дамыған заманда ғаламтор мәселесін шетте қалдыруға болмайды. ХХІ ғасырдың 2021 жылында халықты сапалы интернетпен қамту көрсеткіші 99% дейін жетпек. Көрсетілетін қызметтердің 90% енді смартфон арқылы алу мүмкіндігі пайда болады.

Білім саласын да бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Енді биылдан бастап ҰБТ толық электронды форматқа ауысады. Сондай-ақ осы жылы елде 180 жаңа мектеп салынады. Бұдан бөлек 400 балабақша ашу жоспарлануда. Оның арқасында үш пен алты жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 99% жетпек.

Үкіметтің 2021 жылға арналған стратегиялық жоспарына келер болсақ, биыл экономиканың өсімі 3% болуы тиіс. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі жалпы ішкі өнімнің 20% жетуі керек. Ал шағын және орта бизнестің үлесі 30%. Ең бастысы, елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9% болуы тиіс. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5% болып тұр.

Авторы: Риат Шони